"Полиция қашып кетті": Бозымбаев Талдықорғанда қаңтар оқиғасы қалай өрбігенін бүкпесіз айтып берді
Жарияланған күні:
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев белгілі кәсіпкер Арманжан Байтасовтың BaitassovLive бағдарламасына көлемді сұхбат беріп, билік өкілі ретінде Талдықорғанда қаңтар оқиғасының қалай өрбігені туралы бүкпесіз айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қанат Бозымбаев 5-6 қаңтар күндері күштік құрылым өкілдерінің қызметін тастап кету фактісі болғанын жасырмады.
Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының жіберген басты қателігі - желіде шеруге шақыратын ақпараттың тарауына жол беруі.
"Біздің күштік құрылым қызметкерлері түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде облыс тұрғындарын Маңғыстауды қолдау үшін Талдықорғанға шақырғаны туралы ақпараттың тарауына жол беріп қойды. Ал жастар қызуқанды, олардың тез көтерілетіні белгілі. Күштік құрылымдар соның алдын алып, оларға ескерту жасауы керек еді. Бірақ осындай салғырттықтан алаңға өте көп адам жиналды. 4 қаңтарда ұйымдаспаған, стихиялы шеру болса, келесі күні олардың өте жоғары деңгейде ұйымдасқаны байқалды.
Олардың арасында ортаға шығып сөйлеген адамның даусын әдейі естіртпей, айғай-шу жасаған, халықты басқару технологиясын жақсы білетін бірнеше арандатушы болды. Халық қаланың әр ауданында жиналды. Оларды әлдекім басқарып отырғаны анық еді. Себебі бір уақытта шеруге шыққандар топ болып, бір жерге жинала бастады. Бір-бірімен байланысып отырды. Олар халық наразылығын жақсы пайдалана білді. Ал облыс халқының наразы болатындай жөні болды. Облыстағы жағдай асқынған, жастардың жұмыссыздығы сияқты көптеген мәселе қордаланған", - дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ Бозымбаев сұхбатта өзі басқарып отырған өңірдің тағы бір ерекшелігіне тоқталып өтті.
"Алматы облысының басқа аймақтардан өзіне тән ерекшелігі бар, бұл өңірді тек әкім немесе құқық қорғау органдары басқарған жоқ, Алматы облысының бейресми басшылары да болды. Қуанышқа орай, қазір олар басқармайды", - деді ол.
Оның үстіне, әкімнің айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде облыстың құқық қорғау органдары дұрыс әдіс-тәсілдерді қолданбаған.
"Нәтижесінде 5 қаңтарда президент ТЖ режимін енгізді, сағат 12-де полиция департаментінің басшылары коммендант болып бекітілді, бізде Күдебаев мырза болды. Сағат 3-те аймақтық жедел штабтың соңғы отырысы өтті, ол жерде мен төраға едім, сол жерде мен өз өкілеттігімді оған (Серік Күдебаевқа - ред.) толық өткіздім. Біз одан "жағдайды реттей аласың ба?" , - деп сұрадық, ол "иә" деді. Өйткені шерушілер тереземіздің түбінде тұрды.
Бір жарым сағаттан соң ол жағдайды уысынан шығарып алды. Неге? Мен үшін әлі жұмбақ. Мұны тергеу анықтайды деп ойлаймын. Ал былайынша, күштік құрылымдардың құралдары, әдіс-тәсілдері де қан төкпей бәрін реттеуге, ұйымдастыруға жеткілікті еді", - дейді Қанат Бозымбаев.
Облыс басшысы 6 қаңтар күні түстен кейін әкімдік ғимаратынан айырылып қалғанын айтады.
"Мен содан сәл бұрын, 2-3 минут ертерек ғимараттан шығып кеттім, сол жерде шерушілер Ұлттық гвардияның 100-ге жуық солдатын соққының астына алды. Біреуі қайтыс болды, сондай-ақ әскерилер де жарақаттанды, ол жерде қарусыз десантшылар да тұрған. Ешкімге оқ атқан жоқ. Олар шерушілердің алға өтуіне жол бермей, ұстап тұрған болатын.
Мен әкімдіктен шығып, алгоритм бойынша полиция департаментіне бардым. Біраз уақыттан соң ПД басшысы келді. Бірқатар себептермен полиция департаменті ғимаратын қорғаған жоқ. Өкінішке қарай, сол күні Талдықорған қалалық полиция басқармасының ғимараты да, облыстық полиция департаментінің ғимараты да шерушілер қолына өтіп кетті. Онда мыңдаған суық қару болған еді. Полиция қашып кетті, әсіресе қалалық полиция қашты.
Полиция департаментінің ғимараты уыстан шыққан соң, мен ҰҚК департаментінің бастығына қоңырау шалдым. Ол өзіне жоғарыдан бұйрық келгенін, қарулар мен қағаздарын жинап, ғимараттан шығып кеткенін айтты. Мен алдын ала ештеңе айта алмаймын, өйткені тергеу жүріп жатыр, ешқандай баға бере алмаймын. Мен тек өз көргенімді айтып отырмын. Нәтижесінде азаматтық билік шерушілермен бетпе-бет қалдық", - дейді Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімінің қаңтар оқиғасына қатысты айтары осымен бітпейді. Ол ТЖ кезінде Алматы облысының коммендантын туған ауылынан тапқанын алға тартады.
"Мен полиция департаментінің бастығын іздеп, оны таңға жуық Талдықорғаннан 300 шақырым жерден таптым. Ол өзінің туған ауылына - Қаскелең жаққа кетіп қалған екен. Одан не үшін кеткенін сұрап едім, ол маған басынан жарақат алғанын, аяғы ауырып тұрғанын, отбасын ауылына алып кеткенін айтты. Қазір екеуінің де (облыстық ПД бұрынғы бастығы мен облыстық ҰҚК бұрынғы бастығы) үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр", - деді әкім.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966780-policiya-qasyp-ketti-bozymbaev-taldyqorganda-qantar-oqigasy-qalai-orbigenin-bukpesiz-aityp-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.