"Тегін баспана, жұмыс тауып береміз": Ақтөбе облысындағы мектеп директоры көпбалалы отбасыларға іздеу салды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Ақсай ауылында оқушылар саны күрт азайып кеткен. Адам санының азаюына байланысты ауылдағы мектеп үш жылдан бері бастауыш сыныптарды ғана оқытады. Ауылын сақтап қалуға тырысқан ұстаздар жанұшыра көмек сұрап, көпбалалы отбасыларды көшіріп алуға күш салуда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқушылар саны азайған ауыл ұстаздары көпбалалы отбасыларды іздеп жүр. Әр отбасыға тегін баспана беріп, қораға малын кірзіп, жұмысын тауып беруге дайын.
Ақтөбе облысы Қобда ауданы Ақсай ауылында қалада пәтер жағалап жүрген көпбалалы отбасылар үшін осындай мүмкіндіктер қарастырылған. Ақсайлықтар ауылға тұруға дайын жанұяларды көшіріп әкелу жұмыстарын да мойнына алады. Айтуларынша, адам санының азаюынан ауылдағы тоғыз жылдық білім ордасы үш жылдан бері бастауыш мектеп болып қалған.
"Екі жылдан бері ауылда бала санын көбейту үшін көпбалалы отбасыларды іздеп жатырмыз. Қазіргі уақытта екі отбасын көшіріп алдық. Баспана алып бердік, жұмысқа орналастырдық. Мектеп құралдары, киім-кишекпен көмектесеміз. Негізінен, бастауыш сыныпта оқитын балалары бар отбасыларға басымдық береміз",- дейді Ақсай ауылындағы мектептің меңгерушісі Гүлнәр Бекешова.
2018 жылдан бері бастауыш мектепке айналған білім ошағында қазір 6-10 жас аралығындағы 32 оқушы білім алуда. 8 қызметкер жұмыс істейді. Бұрын аралас мектеп болған ұжымда қазір өзге ұлт өкілдері де қазақша білім алып жүр.
"Көшіп келемін деген отбасыларды қолдауға дайынбыз. Ақтөбедегі саяжайды жағалап жүріп, көпбалалы екі жанұяны таптым. Өзім көшіріп әкелдім. Ауылымызға келген оқушылардың анасына да, әкесіне де жұмыс тауып береміз. Ауылда бос тұрған үйлер көп. Соларды сатып алып, жөндеп, өз аттарына рәсімдейміз. Тұрғындар қаз-үйрек, мал ұстап, күн көруде. Әкімшілік арқылы көпбалалы отбасыларға көмек береміз. Мал ұстау үшін қайтарымсыз грантқа да іліктірдік", - дейді мектеп меңгерушісі.
Балалар кейін ауыл іргесіндегі Жансай ауылдық округінде интернатта жатып, әрі қарайғы оқуын жалғастыра алады. Ақсай ауылы Қобда ауданына 12 шақырым жерде орналасқан.
"Ауылдағы үй бағасы 200-300 мың теңге көлемінде. Құлап, тозып тұрған үй жоқ. Ауданға 20 минутта, қалаға бір жарым сағатта жетеміз. Ауылымыз бұрын үлкен колхоз болатын. Тоқырау кезінде бәрі қалаға қашты. Бірақ басында баспана болмаған соң, қиын. Қазір көш тоқтады. Интернет бар. Байланыс жақсы. Қасымыздағы ауылдарға газ келіп жатыр," - дейді Гүлнәр Бекешова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1966994-tegin-baspana-zumys-tauyp-beremiz-aqtobe-oblysyndagy-mektep-direktory-kopbalaly-otbasylarga-izdeu-saldy/