Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Келінімді аяғына тұрғызып берсін": Он күннен бері комада жатқан келіншектің туыстары жанайқайын жеткізді

Жарияланған күні:

Аурухана
Көрнекі фото: pixabay.com

Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова он күннен бері комада жатыр. Келіншектің туыстары оның мұндай жағдайға түсуіне ақ халаттыларды кінәлап отыр. Олар құрсағында жеті айлық сәбиі бар әйелді медицина қызметкерлері қараусыз қалдырғанын айтады. Салдарынан Таңшолпан хәлі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Таңшолпан Мұқанова перзентханаға 13 сәуір күні түскен.

Туыстары Таңшолпанның жүктілік кезеңі жақсы өткенін және екінші сәбиін күтіп жүргенін жеткізді.

Олардың сөзінше, босанардан бірнеше күн бұрын Таңшолпан бас ауруына шағымданып, жоғары қан қысымымен перзентханаға жеткізілген. Бес күн бойы қан қысымы көтерілген келіншек кейін қараусыз қалған.

Дәрігерлер әйелдің нашарлағанын түнде байқап, оған таңға дейін система құйған. Алайда жағдайы түзелмегесін, кесерь тілігімен босандырып алуға тура келген. Туыстары осы отадан кейін Таңшолпанның комаға түскенін естіген.

"Келінім кереуетте аузынан көбігі ағып, екі қолын аспанға көтеріп жатады. Сол уақытқа дейін не акушер қарамайды не медсестра қарамайды. Сол күнгі кезекшілікте болған гинеколог-дәрігер, акушер, медсестра 11-ге дейін неге қадағалауға алмаған? Ол басы басы қатты ауырып тұрғанын айтқан. Неге аузынан көбігі аққанша ұстаған? Сол жеріне жауап берсін және келінімді аяғына тұрғызып берсін", - дейді Таңшолпанның енесі.

Таңшолпанның өз анасы да акушер. Ол қызының ауыр хәлге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болды деп санайды. Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді, дейді ол.

Бұл жайтқа қатысты БҚО денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Асхат Балықов пікір білдірді. Айтуынша, науқас ауруханаға "преэклампсия" диагнозымен түскен.

"Жағдайы нашарлағасын, консилиум шақырылып, шұғыл түрде кесарь тілігі жасалды. Кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Күн сайын республикалық деңгейдегі мамандармен консилиум өткізіп, кеңесіп отырамыз. Перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін бағалап, тексеру үшін комиссия құрылды. Науқастың мұндай хәлге түсуіне не болғанын осы комиссия анықтайды", - дейді Асхат Балықов.

Таңшолпанның жақындары кінәлілердің жазалануын талап етуде. Ал жаңа туған сәбидің жағдайы қалыпты. Қазір ол да перзентханада дәрігерлердің бақылауында.

Е. Карин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967331-zauap-bersin-on-kunnen-beri-komada-zatqan-kelinsektin-tuystary-zanaiqaiyn-zetkizdi/