"Қамауға алу санкциясы заңсыз": Белгілі адвокат Мейіржан Төребаевтың ісіне пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал адвокат Абзал Құспан қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен қамауға алынған блогер Мейіржан Төребаевтың даулы ісіне қатысты пікір білдірді. Қорғаушы вайнерді қамауға алу санциясын заңсыз деп есептейді. Бұл тұрғыда Алматы полиция департаменті оның мәлімдемелеріне жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Абзал Құспан Төребаевтың даулы ісіне қатысты өз пікірін Facebook парақшасында қалдырды.
"Вайнер Мейіржанның мен адвокаты да, туысы да, танысы да емеспін. Ортақ та таныстарымыз жоқ екен. Оған қатысты қамауға алу санкциясын заңсыз деуіме себеп, оның жеке басында емес, қолданыстағы заңнама ерекшелігінде болып отыр. Мейіржанның іс-әрекеті жарнамамен шектелген, болды. Басқару немесе құру жұмысына қатысы жоқ. Біреулер ЖШС-ның құрылтайшылығы мен қатысуды шатастыруда. Екеуі мүлдем екі бөлек ұғым.
Алматы полиция департаменті вайнерді ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі қылып қамады. Оған қатысты істе қоғам үшін ең сорақы жері сол - енді кез келген адам өзін өртеп немесе өртеймін деп қорқыту арқылы өз дегеніне жете алатын болды! Алматы ПД осындай практика қалыптастырғысы бар бізге! Ал жарнама мәселесіне келсек, 1997 жылғы кодексте "жалған жарнама" үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген болатын. 2014 жылғы кодексте ол белгісіз себептермен алынып тасталған", - деп жазды адвокат.
Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Абзал Құспанның мәлімдемесіне қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісіне жауап берді.
"Полицияның іс-әрекеті заңсыз деп санаса, онда заңмен көзделген заң қадағалаушы орган бар. Сол жаққа шағымдарын түсіріп, бұл мәселені заң тұрғысында ғана шеше алады. Қазір сотқа дейінгі тергеудің үш деңгейлі моделі бар. Оған үш орган бірден қатысады. Олар: полиция, прокуратура, сот. Сондықтан барлық іс-әрекет осы үш органның келісімімен заңға қайшы еместігіне көз жеткізсе ғана жүзеге асырылады", - деді Салтанат Әзірбек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967388-qamauga-alu-sankciyasy-zansyz-belgili-advokat-meiirzan-torebaevtyn-isine-pikir-bildirdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.