"Талай адам ақшасынан айырылады": Белгілі меценат танымал адамдардың кооператив ашуына қарсы шықты
Жарияланған күні:
Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың ісіне қатысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Көпшіліктің пікірі екіге бөлінген. Осы ретте, алаяқтардың алдын алу және ұйымдардың жұмысын ретке келтіру мақсатында Қазақстанда тұңғыш рет кооперативтер қауымдастығы құрылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы "Жедел түсірілім" бағдарламасында айтылды.
Биылдың өзінде елімізде үлкенді-кішілі сексеннен астам кооператив жұмыс жасауда. Оның басым бөлігі халықтан жинаған ақшаны игере алмай, қашып жүрген көрінеді.
Айта кетерлігі, тұтыну кооперативі дегеніміз - азаматтардың материалдық және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында олардың мүліктік үлеспұлдық жарналарын біріктіру. Мұндай ұйымдардың жұмысы шетелдерде, әсіресе Түркия, Ресей, Қытай және АҚШ-да кеңінен таралған.
Жақында елордамыз Нұр-Сұлтанда еліміздегі бүкіл кооператив басын қосқан.
Көңілбай Шүкенов - республикамызда алғаш рет ашылқан кооперативтер ассоциациясының төрағасы.
Ол танымал адамдардың халықты қаржы пирамидаларына ақша салуға үгіт-насихат жүргізіп, күдікті ұйымдарды жарнамалауына қарсы шықты.
"Елімізде қолы босаған адамның барлығы кооператив ашып алып, халықтан қаржы жинауы дұрыс емес. Елдің аманатын арқалау кез-келген адамға жүктелмеу керек. Осындай жұмыстарға қатысты арнайы заң қарастырылмаса талай адам ақшасынан айырылуы мүмкін", - дейді ол.
Көңілбай Шүкенов негізін қалаған "Асыл адам" қайрымдылық қоры 8 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді.
"Басты мақсат - қарапайым жұртты баспана және жұмыспен қамту", - дейді кәсіпкер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967573-talai-adam-aksasynan-aiyrylady-belgili-mecenat-tanymal-adamdardyn-kooperativ-asuyna-qarsy-syqty/