Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Африкадағы балаларға құдық қазып, ауызашар берген қазақ жастары ілтипатқа бөленді (видео)

Опубликовано:

Африкадағы ауызашар
Фото: Lada.kz / Жәнібек Жарасұлы

Ақтау тумасы Жәнібек Жарасұлы 10 күннің ішінде көпшіліктің арқасында бір миллион теңгеден астам қаржы жинап, африкалық балаларға көмектесті, деп хабарлайды. Lada.kz.

Жәнібек қазір Стамбұлда оқиды. Ол басылымға мұндай игі істің қалай жүзеге асқанын айтып берген.

Айтуынша, Түркияның барлық дерлік қаласында Африкадағы балаларға көмек көрсетуге шақыратын хабарландырулар ілінген.

"Бір күні мен "Африкадағы медресе балаларын қолдау" туралы хабарландыруды көріп қалдым. Бәлкім, мені осындай қадамға өзімді кінәлі сезіну немесе аяушылық сезімі итермелеген болар. Бәрін мұқият зерттеген соң ақша жинауға кірістік. Негізінен менің достарым көмектесті. Қазір Instagram - үлкен мүмкіндік алаңы, репосттар арқылы қайырымды адамдардан ақша жиналды. Жұмыстың негізгі бөлігін бір қыз атқарды, бірақ ол аты-жөнін жарияламауды өтінді", - дейді Жәнібек Жарасұлы.

Осылайша, 10 күннің ішінде 1 111 111 теңге жиналған.

Камерунда Жәнібектің командасы ұйымдастырған ауызашарға 620 ауыл баласы келген. Ал олар үшін ең басты сыйлық - ауыз су құдығының ашылуы болған.

"Шын мәнісінде біз ақша жинау барысында қатты уайымдадық. Ақша жинай аламыз ба, мақсатты орындай аламыз ба, деген ойлар маза бермеді. Жақсылық нәсілге де, ұлтқа да бөлінбейді. Біз мұны дәлелдей білдік. Балалардың қуанып жатқан видеоларын көріп, жүрегім дүрсілдеп кетті. Олар жай ғана тамақ пен суға қуанып жатыр.

Кейде біз қанағатты ұмытып, жай ғана бақытты болуды білмей жатамыз. Бұл кішкентай балалар маған ештеңеге қарамастан, білім алуға ұмтылу қажет екенін дәлелдеді", - дейді қазақстандық жігіт.

Осы ретте, ол идеясын қолдаған барша жанға алғыс айтты.

"Олардың көмегінсіз біз бұл соманы жинай алмас едік. Әлемге мүлде басқа көзбен қарасақ, оны өзіміз де өзгерте алатынымызды түсіндім. Ең бастысы әрқашан және қай жерде болса да адам боп қалу керек", - дейді Жәнібек Жарасұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1967690-qazaqstandyq-zigit-afrikadagy-balalarga-auyzasar-berip-qudyq-asuga-komektesti-video/

pixel