Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақ ұлттық мектебін ашамыз": Аятжан Ахметжанұлы жаңа бастамасы туралы айтты

Опубликовано:

Аятжан Ахметжанұлы
Фото: Facebook/aiatjan

Белгілі педагог, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы Павлодар немесе Петропавл қаласында қазақ ұлттық мектеп-интернатын ашатынын жеткізді. Осы мақсатта ол халықтың қолдауына жүгінбекші. Бұл туралы Аятжан Ахметжанұлы "Сұрауы бар" Youtube арнасындағы сұхбатта мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бастамашыл топ әзірге халықтан жылу жинап, демеушілердің қолдауымен Петропавл немесе Павлодар қаласынан ұлттық негіздегі білім ошағының іргетасын көтермек. Аятжан Ахметжанұлы бұл істі неліктен қолға алғанын түсіндірді.

"Әлемде түрлі мектептің моделі бар. Олар - фин, жапон, эстон, неміс мектебінің моделдері деген брендтік мектептер. Кезінде Кеңес мектебінің моделі болды. Ал тәуелсіздік алған 30 жылда біз қазақ ұлттық мектебінің моделін жасамадық. Тіпті талпыныс та болмады.

Мен мектеп директорлығына келгенде белгілі бір мақсатпен келдім, өйткені өз кәсібімді былай қойып, үлкен табысты тәрк етіп келдім. Осы он жыл ішінде білім саласын сынадым, енді сол сынағымды іспен дәлелдеуім керек. Өзім басқарып отырған гимназияда алғышартын жасадым. Бірақ бұны соңына жеткізу керек", - дейді педагог.

Аятжан Ахметжанұлы ұлттық мектеп жасауға заңдық кедергілер жоғын айтады.

"Біз өзіміз (ел болып - ред.) жасаймыз. Оған заңдық кедергілер жоқ. "Мемлекеттік мектептің директорының халықтан жылу жинауына болмайды" деген заңдық норма жоқ. Сондықтан мен соны жариялап, қазір әлеуметтік желіде айтып жүрмін. Қазір қаншама жұртқа үй алып беруге мүмкіндік болып жатыр ғой. Ақша жинап, мешіт салатындар бар. Сондықтан осы дүниені неге мектеп салуға қолданбасқа? Қанша мектеп жетіспейді", - дейді Аятжан Ахметжан.

Ол өзінің масқаты - 1000 балаға шақталған мектеп интернатын ашу екенін айтады.

"300-400 бала интернатта жатып оқитындай мүмкіндік жасаймыз. Бір ауысымды болуы керек. Мемлекеттен жан басына шаққанда берілетін қаржыны игерсек те, мектептің жұмысын әрі қарай жүргізе беруге болады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968384-qazaq-ulttyq-mektebin-asamyz-ayatzan-axmetzanuly-zana-bastamasy-turaly-aitty/

pixel