Петропавлда қатты желден бір адам жарақат алды

Опубликовано:

жедел жәрдем көлігі11
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Петропавлда дауыл кезінде ұшқан қаңылтыр қоршаудан ер адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 16.30-дар шамасында жедел жәрдем қызметіне Петропавлдағы "Жас Өркен" ықшам ауданындағы Горький-Жабаев көшелерінде жүріп жатқан құрылыс алаңынан шақырту түскен. Сол жерде жұмыс істеп жүрген 56 жастағы ер адам қатты дауылдан ұшқан қаңылтыр қоршаудан жарақат алған.

Салдарынан жұмысшының бұғанасы сынды. Зардап шегуші Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Мамандардың айтуынша, жағдайы орташа, тиісті ем жасалып жатыр.

Петропавл қалалық әкімдігі келтірілген шығынды есептеп жатыр. Қатты дауылдан орталық алаңдағы флагшток зақымдалып, жалауды шешіп алуға тура келді.

"Бүгін дауылды ескерту жарияланды. Желдің екпіні секундына 27 метрге жетті. Қатты дауылдан бірнеше ғимаратқа зақым келді. Бұдан басқа қала бойынша бірнеше ағаш құлады. Мейрамханалардың бірінің жеке автокөлік тұрағында ағаш құлап, үш автокөлікті зақымдады. Қазір келген шығын мөлшері есептеліп жатыр. Учаскелердің және ғимараттардың иелері мәселені азаматтық тәртіпте шешеді.

Қазір анықтап жатырмыз. Біздің білуімізше, екі мектептің маңында, бірнеше тұрғын үй ауласында да ағаштар құлаған. Қазір коммуналдық қызметтер көшеге жинауға шықты", - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1968458-petropavlda-qatty-zelden-bir-adam-zaraqat-aldy/