Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мамандар: Алматы облысындағы лай көшкініне құбырдың жарылуы себеп болған

Жарияланған күні:

Текелідегі лай көшкіні
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Текелідегі лай көшкініне жауын ғана емес, құбырдың жарылуы да себеп болыпты. Мамандардың болжамы осындай, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Күні кеше тал түсте тау қопарылып, одан аққан лай жолындағысын жайпап, үйлерді басып қалған еді. Жұрт жан-жаққа қашып, жан сақтап үлгергенмен, бес жастағы қыз опат болды. Қаршадай баланың мәйітін құтқарушылар кейін иттің көмегімен іздеп тапқан.

Телеарна дерегіне сүйенсек, лай көшкінінің ұзындығы 50, ал ені 25 метрге жеткен. Мамандардың есептеуінше, жотадан 4300 текше метрден асатын батпақ сырғып, бес үйді басып қалған.

"Жапа шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Олармен кездестік, жерлеу рәсіміне де жәрдем береміз. Әкімдік жағдайды толық бақылауға алды. Арнайы тексерістен кейін жаңа үй сатып әперу немесе қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі”, - деді Текелі әкімі Батыр Молдахметов.

Моноқалада лай көшкіні болуы мүмкін деген алты қауіпті аймақ бар. Мамандар қазір олардың қандай жағдайда тұрғанын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның себеп салдарына қатысты олар да өз болжамын айтты.

"Желі жарылған. Екі жылдай су аққан. Одан кейін оның үстіне жаңбыр жауған. Бүгінгі күннен әрі қарай біз тау етегіндегі үйлерді зерттеп шығамыз. Қауіпті үйлерді әкімдікке жеткіземіз", — деді “Қазселденқорғау“ ММ аумақтық пайдалану басқармасының басшысы Мейрам Нұрымбетов.

Баспанасы бүлінген отбасылар қазір туыстарының үйін паналап жүр. Табиғи апаттан келген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп сараптама жасайды. Соның қорытындысына сәйкес жапа шеккендерге көмек көрсетіледі. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969559-mamandar-almaty-oblysyndagy-lai-koskinine-qubyrdyn-zaryluy-sebep-bolgan/