Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір көзі жұмылмайды": Газ баллонының жарылуынан беті-қолы күйіп қалған 25 жастағы жігіттің анасы елден көмек сұрады

Опубликовано:

Жомарт
Видеодан кадр: Youtube/"Көреміз" ток-шоуы

Бір жарым жыл бұрын Қызылорда мен Құмкөл мұнай-газ кен орны арасындағы бақылау бекетінде 24 жастағы Жомарт Нармамбетұлы газ баллонының жарылуынан зардап шегіп, беті-қолын толықтай күйік шалған. Жігіттің анасы Еуразия бірінші арнасындағы "Көреміз" бағдарламасында ұлының бет-жүзін көрсетіп, оған ота жасату үшін елден көмек сұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жаңақорғандық Болған Сүлейменова 2021 жылдың қаңтарын әлі күнге дейін ұмыта алмайды.

Ұлын жарымжан еткен оқыс оқиға Қызылорда қаласы мен Құмкөл мұнай-газ кен орны арасындағы бақылау бекетінде болған. Онда газ баллоны жарылған, салдарынан үш диспетчерді күйік шалып, біреуі ауруханада қайтыс болған. Ал қалғандарын жергілікті дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласына жөнелткен.

"Жомарт тоғыз күн бойы облыс аумағындағы ауруханада жатып, одан кейін оны астанаға ұшақпен әкетті. Ол жерде аяғынан тері алынып, баланың беті-қолына жапсырылған", - дейді Жомарттың анасы.

Баласының ауыр жарақаттанып, бір өлімнен аман қалғанын ата-анасы дәрігерлер хабарласқаннан соң бір-ақ білген. Карантин режимі болғандықтан Болған Сүлейменова ұлы жатқан ауруханаға кіре алмай, Жомартты оқиғадан соң тек бір айдан кейін көрген. Сол күндерді күрсіне еске алған ана баласының денсаулығына қатты алаңдайтынын айтады.

"Жүрегім төтеп бере ме, бермей ме? Әйтеуір, Алладан үмітім зор. Маған өте ауыр болды. Ол күн мен үшін қиынға соқты. Сол жағдайды еске түсірсем, балама да ұнамайды. Баламды бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Өрімдей жас баламның осындай халге түсетінін кім біліпті", - дейді ол.

Бүгінгі таңда дәрігерлер хирургиялық тәсілмен тігіп берген тері Жомарттың бет-жүзіне толық сіңіспеген. Әсіресе көз ұяшығының айналасындағы тері сыздап ауырып, түнімен ұйқтатпайды екен.

"Қазір балам үйде, жұмысқа жарамсыз. Күнде жұмыстан келем де, күйген жеріне жақпамай, дәрі жағам. Бір көзі жұмылмайды. Екі күнге дейін ашық жүре береді. Оң көзі шаршамай, балам ұйықтамайды. Қолдары бүрісіп қалған. Таңертең жұмысқа кетіп, үйге осыған асығып келем. Мен жоқта үйде әкесі қарайды", - дейді Болған апай.

Жаны күйзелген ана баласына жылы сөзбен күш береді. Бар қиындықтың артта қалатынына сендіреді, өзі де сенуге тырысады.

Ал Жомарт жаралы болса да, көзінің көретініне, жалыннан аман шыққанына шүкір етіп келеді.

"Газ атылғанын бірден білдім. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, қол-аяғым дірілдеп, қай жақпен шығам деп ойладым. Кішкентай терезе бар еді. Ол жерге басым ғана сыйды. Терезеден шығам дегенше, газ жарылып кете ме деп қорықтым. Аман шығуға қатты тырыстым. Бірақ дәл былай күйемін деп ойламадым. Әйтеуір оттың арасымен көзімді жұмып алып, шығуға амал жасадым. Шыққан бетте көзімді ашып қалсам, күн сәулесі көзіме жарқ етіп түсті. Соған қуанышты болдым. Жүрегім орнына түсті. Тірі екенмін ғой дедім. Аман шыққаныма шүкір еттім, көзімнің көретініне шүкір еттім", - дейді ол.

Жомарттың арманы үйленіп, балалы болу, әке атану.

Осы орайда бағдарламаға Жомарт жұмыс істеген мекеменің өкілі де келіп, оқиғаға кімнің қандай жауапкершілік алып отырғанынан ақпарат берді.

Мекеменің еңбек қорғау және қауіпсіздік ережелері инженері Ерлен Төлегенұлының айтуынша, сот болған жағдайға екі тарап та жартылай жауапты деп шешім шығарған.

"Оқыс оқиға 2021 жылы 26 қаңтар күні сағат 11 шамасында болған. Құмкөл-Қызылорда тасжолында арнайы көлік құралдарын тіркейтін өткізу бекеті бар. Онда екі контейнер орналасқан. Қыс айы болған соң, қатты суық, ішіне қатты отынға арналған пеш бар. Қосымша газ баллонды суықтан ішке әкеліп, жанып жатқан пешке жақын қойған. Салқын жерден ыстық жерге келгеннен кейін баллонның түбі жарылған. Мұнда жұмыс беруші 50 пайыз, жұмысшылар 50 пайыз жауапты деп сот шешім шығарған. Байқаусызда болған іс", - дейді инженер.

Айта кетейік, мекеме өкілі зардап шеккен жандарға мүгедектігі бойынша төлемақы беріп отырғанын атап өтті.

Жомарттың ендігі үміті Оңтүстік Корея елінде емделіп, ота жасату. Болған Сүлейменованың сөзінше, Жомарттың бет-әлпетін қалпына келтіру үшін шетелдік дәрігерлер оған 10 рет ота жасалатынын жеткізген.

Кореялық компанияның үйлестірушісі Рахия Қайырбекқызының айтуынша, бастапқыда Жомарттың отасына 20-25 миллион теңге қажет. Толықтай алғанда дәрігерлер Жомарттың қалыпты өмірге оралуына 5-6 жыл мерзім керек болу мүмкін екенін айтқан.

Жомартқа қаржылай көмек бергісі келетін жандар үшін байланыс телефоны:

8 776 726 98 67

Kaspi Gold

Болган. С

Ескерту: Видеоны жүрегі әлсіз адамдарға көруге кеңес бермейміз

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969868-bir-kozi-zumylmaidy-gaz-ballonynyn-zaryluynan-beti-qoly-kuiip-qalgan-25-zastagy-zigittin-anasy-elden-komek-surady/