Жаңа туған сәби болған: Шымкентте екі көлік соқтығысып, бір әйел қаза тапты

Опубликовано:

Жол апаты85
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Шымкентте жаңа туған нәрестені перзентханадан шығарып әкеле жатқан көлік апатқа ұшырады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір әйел есін жимастан қайтыс болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Шымкент қаласы Ш.Қалдаяқов көшесі мен Республика алаңының қиылысында сағат 21.10 шамасында болған. "Mercedes Benz 200 D" және "Toyota Land Cruizer 100vx” маркалы автокөліктері соқтығысқан.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауруханаға түрлі дене жарақаттарымен екі жүргізуші және "Mercedes Benz 200 D" көлігінің үш жолаушысы жеткізілді, олардың арасында бір әйел болған. Қатты соққы салдарынан ол есін жимай қайтыс болды.

Оқиға орнына Абай АПБ-ның жедел-тергеу тобы барды. Қазіргі таңда аталған жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сараптама тағайындалды,"- деді Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызының мәлімдеуінше, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жаңа туған сәби мен анасы емхана дәрігерлерінің бақылауында болады.

Жас босанған ана қалалық 1-ші ауруханаға жеткізілген, медициналық тексеруден соң ауруханада стационарлық ем алудан бас тартып, тіл хат жазып қалдырған.

Апат салдарынан аяғы жарақат алған анаға бірінші медициналық көмек көрсетілген. Осы ретте мамандар сәби мен анасының денсаулық жағдайы қалыпты деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1969940-zana-tugan-sabi-bolgan-symkentte-eki-kolik-soqtygysyp-bir-aiel-qaza-tapty/