Полиция Құлсарының экс-әкімінінің даулы видеосына қатысты екі қылмыстық іс қозғады
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Құлсары қаласының экс-әкіміне қатысты видео қызу талқыға түсті. Атырау облысының полиция департаменті қазіргі уақытта екі қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ведомство видеоның әлеуметтік желілерде 20 мамыр күні таралғанын атап өтті.
Видеодан белгісіз біреулер Атыраудағы "Көктем" шағынауданында өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған ер адамды ұстап алғанын байқауға болады. Ер адамнан ақ түсті ұнтақ салынған пакет табылған. Бейнежазба авторы мұның есірткі екенін айтады.
"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз пайдалану") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
1981 жылы туған Жылыой ауданының тұрғыны Қаржау Шарғабаевтың қайда екені анықталуда", - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаментінен.
Сонымен қатар ведомство бұрынғы шенеуніктің Facebook әлеуметтік желісіндегі жарияланған жазбасынан кейін тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Онда Қаржау Шарғабаев өзін белгісіз 7-8 адам ұрғанын, телефонын тартып алып, камераға түсіріп, қорқытқанын жеткізген.
Полицейлер қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы ("Бұзақылық") бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970349-policiya-qulsarynyn-eks-akimininin-dauly-videosyna-qatysty-eki-qylmystyq-is-qozgady/