Қазақстаннан Грекияға әуе рейстері ашылады
Опубликовано:

Еліміздің Азаматтық авиация комитеті мен Грек Республикасының авиациялық билік орындары 1 маусымнан бастап Қазақстаннан Грекияға әуе рейстерін ашу туралы келісімге келді. Бұл туралы ведомство Telegram арнасында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Air Astana әуе компаниясы аптасына үш рет дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері "Нұр-Сұлтан – Ираклион – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша, сондай-ақ сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері "Алматы – Ираклион – Алматы" бағыты бойынша рейс орындайды деп жоспарлануда.
Осы ретте, Азаматтық авиация комитеті рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-321NEO типті әуе кемесінде орындалатынын хабарлады.
"Жаңа әуе бағыттарының ашылуы екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі елдің шығу және келу туризмін табысты дамытуға ықпал ететін болады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1970560-qazaqstannan-grekiyaga-aue-reisteri-asylady/