Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да тұрғындар қант таба алмай сабылып жүр

Опубликовано:

Қант
Көрнекі сурет: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында тұрғындар қант таба алмай сабылып жүр. Дүкендерде шекерді шектеп сатқанымен, оның өзі түске дейін таусылып қалады. Одан бөлек тауардың құны да қымбаттап шыға келген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Енді сатып алушылар әрине шағымданады. Көп не жасап жатыр? Неге шекер жоқ? Қайда кетті? Неге болмай жатыр? Сұрақ көп. Біз айтамыз, бізге ешкім айтпайды, біз білмейміз",- дейді сатушы Гүлайым Жасыбекова.

Орал қаласындағы дүкен сөрелерінен қазір қант табу қиын. Сатушылар да тұрғындардың сауалынан мезі болған. Кейбір ірі супермаркеттер қордағы қантты бір қолға бір-екі келіден ғана шектеп сатып жатыр. Оның өзі тұтынушылардың бәріне бірдей жете бермейді. Қанттың қат тауарға айналғанын естіген кейбірі бағасын шарықтатып жіберген.

Қазір бұл аймақта шекердің құны келісіне 600-700 теңге аралығында. Әкімдікке қарайтын тұрақтандыру қорында да қант бітуге жақын. Кәсіпкерлер қант шығаратын зауыттың өзі бағаны өсіргендіктен оны тасымалдаудан қашып отырған көрінеді.

"Батыс Қазақстан облысы бойынша аптасына 140 тонна қант бөлінетін болады. Оның 30 пайызын кәсіпорын, өндіріс орындарына, наубайхана секілді мекемелерге бөлеміз. Қалғаны дүкендерге таратылады. Жақын арада бұл мәселе шешіледі",- деді БҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971062-bqo-da-turgyndar-qant-taba-almai-sabylyp-zur/

pixel