Сенат спикері: Зерттеулер біздің түлектеріміздің біліктілігінің төмендігін көрсетеді
Жарияланған күні:
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждері түлектерінің бәсекеге қабілетсіз екенін айтты. Сөзінше, олар оқу бітіргеннен кейін жұмыс таба алмай, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарын толықтыруда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әшімбаев Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық жағдайы 90 жылдармен салыстырғанда өзекті емес екенін атап өтті. Өйткені ол уақытта демографиялық сәтсіздік болып, халық туу дағдарысына ұшыраған. Алайда 2000 жылдардан бастап жағдай өзгеріп, туу көрсеткішінің өсуі байқалған.
"Алдағы жылдары жыл сайын 350 мың жас еңбек нарығына шығады. Олардың саны әлі де өсе бермек. Біз бұл қысымды еңбек нарығында алдағы 20-30 жылда үнемі сезінетін боламыз. Егер 2003 жылы 247 мыңға жуық бала дүниеге келсе, өткен жылы елімізде 446 мыңға жуық бала дүниеге келген. Яғни, 2 есеге жуық көп бала дүниеге келеді.
Біз сіздермен бүгінгі күн үшін емес, болашақ үшін жұмыс істейміз. Ал, тиісінше, алдағы жылдары еңбек нарығына жастардың көбірек келетінін және оларды тиісті жұмыспен қамтамасыз ету керек екенін аңғару қиын емес. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ", - деді сенат төрағасы.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев мамандарды сапалы дайындау қажеттілігіне де назар аударды. Ол Дүниежүзілік банк пен басқа ұйымдардың зерттеулері біздің университет пен колледж түлектерінің біліктілігінің төмендігін, сондай-ақ ЭЫДҰ елдерінің түлектерімен салыстырғанда олардың бәсекеге қабілеттілігінің жоқтығын көрсететінін атап өтті.
"Жалпы, алдағы жылдарға тиісті еңбек және білім беру саясатын жоспарлап, жүзеге асыру кезінде біз осы жайларды есте ұстауымыз керек. Елімізде жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосылмай, сапалы жұмысқа тұруы үшін олардың біліктілігін арттыру маңызды", – деді Сенат спикері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971159-senat-spikeri-zertteuler-bizdin-tulekterimizdin-biliktiliginin-tomendigin-korsetedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.