Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ШҚО-да сыныптасы көзіне қалам тығып алған оқушыға Ресейде ота жасалмақ

Опубликовано:

оқушы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Жақында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мектеп оқушысының көзіне сыныптасы қалам тығып алғаны жайлы ақпарат тарады. Өңірлік білім басқармасының мәліметінше, оқиға былтыр болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылым дерегінше, Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай орта мектебінде 4-сынып оқитын ер баланың көзіне сыныптасы ойнап отырып абайсызда қаламның ұшын тығып алған. Екі бала арасында ешқандай жанжал болмаған. Бүгінгі таңда зардап шеккен баланың әкесі Серік Әкімбаев ұлын көршілес Ресей еліне апарып емдету үшін қаражат жинап жүр екен.

"Негізінен бұл оқиға өткен жылы болған. Алайда енді ғана халық назарына ілініп отыр. Көзіне зақым келген Еркеғалиға ел-жұрт көмек көрсетіп жатыр. Мектеп ұжымы да зардап шеккен оқушының отбасына қолдау танытуда. Оқыс оқиға болған кезде сабақ өткізіп жатқан ұстаз бірден баланы мектептегі дәрігерге апарды. Содан кейін бала Өскемен қаласындағы "Ана мен бала орталығына" жеткізілген.

Кейіннен Алматы қаласында арнайы ем алды. Білім басқармасы, аудандық білім беру бөлімі тарапынан зардап шеккен балаға материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе Еркеғали Нұрлан офтольмология орталығында тегін қаралып, ем алу үшін тез арада Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми-зерттеу институтына квота бөлінді", - деп түсіндірді Білім басқармасының тұлғаның рухани адамгершілік дамуы, тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бойынша бөлім басшысы Әсем Нүскенова.

ШҚО Білім саласындағы сапаны бақылау департаменті аталған жайтқа тексеру жүргізіп, мектеп басшылығы мен сабақ өткізіп жатқан ұстазға қатысты шешім шығарған. Оларға сөгіс жарияланып, айыппұл салынған. Прокуратура тарапынан да тексеріс жүргізілген. Балаға зақым келтірген сыныптасы кәмелет жасына толмауына байланысты оған қатысты ешқандай жаза қолданылмаған.

"Өткен жылы ойыннан от шығып, осындай жағдай болды. Баламды Алматыға дейін апарып ота жасатып келдік. Оның көзіне зақым келтірген сыныптасының отбасы 300 мың теңгедей ақша берді. Ауданды дамыту қорынан 400 мың теңге ақша берілді. Бастауыш сынып мұғалімі болса өз атынан 300 мың теңге көмек көрсетті.

Аудандағы ұстаздар мен мектеп директорлары шетте қалмай, баланың еміне ақша жинасты. Соның арқасында баламызды дер кезінде емдетіп келдік. Қазір емді жалғастырып көршілес Ресей елінің Новосібір қаласына апару үшін қаржы жинап жатырмыз",- дейді Серік Әкімбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971828-sqo-da-synyptasy-kozine-qalam-tygyp-algan-oqusyga-reseide-ota-zasalmaq/

pixel