Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қант қоры жеткілікті": Сауда комитеті елдегі қант тапшылығы туралы ақпаратты теріске шығарды

Опубликовано:

Қант
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев елде қант қоры жеткілікті ме деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгінде біздегі қант қоры жеткілікті. Шамамен 67 мың тонна қант бар. Бұл қорлар тұрғындарымыздың қажеттіліктеріне толық жеткілікті. Оған қоса, күнделікті қант жеткізумен айналысып жатырмыз", - деді Ержан Қазанбаев.

Оның айтуынша, ЕЭК аясында қосымша 100 мың тонна шикі қантқа квота алынған және бұл үш қант зауытын толығымен қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге Қазанбаев дүкен сөрелерінде қанттың таусылуы туралы ақпаратқа пікір білдірді.

"Кей өңірлерде қант сатып алудағы дүрлікпе туралы видеолар бар. Негізі мұндай дүрлікпе болмауы керек. Қант тұрақты түрде жеткізіліп жатыр. Бәлкім кейбір сауда желілері мен нысандарда жеткізу аздап кешігуі мүмкін, бірақ бұл жүктің жеткізілуіне байланысты. Қант бізге күн сайын вагондармен келеді және кейбір сауда нысандарына кеш түседі. Қазіргі уақытта ірі және орта сауда орындарында қант жеткілікті мөлшерде бар және сатылып жатыр", - деді ол.

Осы орайда Қазанбаев кейбір сауда желілеріне қант сәл кеш түсіп, сол аралықта қант болмауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Дегенмен ол елімізде қант тапшылығы жоқ және болмайды деп сендірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971889-qant-qory-zetkilikti-sauda-komiteti-eldegi-qant-tapsylygy-turaly-aqparatty-teriske-sygardy/

pixel