Оралда әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адам үй кезегінен негізсіз шығып қалған
Жарияланған күні:
Оралда әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адам үй кезегінен негізсіз шығарылған. Ал оларға тиесілі баспана басқаға берілген, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Әсел Антаева кішкентай бөлмеде үш баласымен он бір жылдан бері тұрады. Сол кезде баспана кезегіне 597-болып тіркелген. Қазір 170-орында.
"Қала әкіміне де бардық. Қала әкімдерінің орынбасарларының барлығына бардық. Мұнда өте жағдай нашар, жуынатын жер жоқ. Осы жерде тамақ ішіп, осы жерде қызым сабақ оқиды. Бөлмеге күн түспейді, көктің иісінен балам ауырады. Жөтеліп жүр, ауырады кәдімгідей. Қызымның бүкіл кітаптары су болады", - деді Әсел Антаева.
Балалар үйінің түлектері "Шаңырақ" жасөспірімдер баспанасында 23-ке дейін тұра алады. Бірақ көбісінің жасы әлдеқашан асып кеткен, арасында 50-ді еңсергендері бар. Олардың баратын басқа жері жоқ. Сондықтан үй кезегін ондаған жыл күтуге мәжбүр.
Бұған қатысты өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пікір білдіріп өтті.
"Әлеуметтік осал топқа жататын 200-ге жуық адамның негізсіз есептен шығарылып тасталғандары анықталды. Олар яғни, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар. Барлық кезектен шығарылған азаматтардың кезегін қалыпқа келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Олардың нәтижесі бойынша, ұсынымдарды орындау бойынша нақты шаралар қабылданды", - деді Батыс Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысының орынбасары Әлия Денизбаева.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, пәтерге мұқтаж емес 247 адамға баспана берілген.
Автор: Е. Карин
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971937-oralda-aleumettik-osal-topqa-zatatyn-200-ge-zuyq-adam-ui-kezeginen-negizsiz-sygyp-qalgan/