Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алақан жаюға мәжбүрмін": Ақтөбе мешітінің маңында көмек сұрайтын көпбалалы аналар көбейген

Опубликовано:

Көмек сұраған әйелдер
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде бұрыш-бұрышта елден көмек сұрайтындар көбейген. Олардың қатарында ақ жаулықты аналар да аз емес. Әсіресе, жұма күндері мешіт жанында алақан жайғандар қаптап кетеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Нұр Ғасыр" мешітінінің алдында алақан жайып тұрған 47 жастағы келіншек алты баланың анасы екенін айтты.

"Осы жерге тұрмыстың ауырлығынан келдім. Алты баламды бағу үшін алақан жаюға мәжбүрмін. Жолдасым жұмыс істемейді. Басымызда баспана жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Еш жер жұмысқа алмайды. Қайыр сұрауға күнде шықпаймын. Қиналып кеткенде осылай тұрамын", - дейді көпбалалы ана Нұргүл Дүйсенова.

Бетін жасырған кейбір аналар "намыстанамыз" деп жағдайын айтудан бас тартты. Алақан жайғандар арасында мүгедектігімен жұрттың аяушылығын тудыратындар да жоқ емес.

"Осы жерде тұрғанымыз үшін кейде "имам рұқсат бермейді" деп полиция алып кетеді. Біз енді қайда барамыз? Екі мүгедек бағып отырмын. Айына 25 мың теңгеге дәрі аламын. Пәтер кезегінде тұрмыз. Жұма күні жарты күн отырғанда 11 мың жиналады", - дейді Екатерина Бюглер.

Көмек сұраған әйелдер
Фото: KAZ.NUR.KZ / Ардақ Ерубаева

Мешіт қызметкерлері де көмек сұраушылардың көп екенін айтты.

"Қайыр сұрау - исламда ерсі әрекеттердің бірі. Пайғамбарымыз қайыр сұраудан тыйған. Қазір қайыр сұраушылардың көбейіп кетуі бәрімізге белгілі. Оны кәсіпке айналдырғандар да көп. Мұқтаждар да бар. Шын мұқтаждар қайыр сұрауға ұялады. Имамдарға мұқтаждығын айтып, көмек сұрайды. Олар тізімге алынып, демеушілер ай сайын көмек көрсетеді.

Мешіттің сыртында тұрып қайыр сұрайтындардың дені кәсіпке айналдырғандар. Қарапайым халықтың ішінде жағдайы жоқтар көп. Біз бәріне көмектесе алмаймыз. Себебі мемлекеттен арнайы қаржы алмаймыз", - дейді "Нұр ғасыр" мешітінің наиб имамы Мұхаммед Шадман.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1971980-alaqan-zayuga-mazburmin-aqtobe-mesitinin-manynda-komek-suraityn-kopbalaly-analar-sany-artqan/

pixel