Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстаудағы әскери бөлімде есінен адасты деген 19 жастағы сарбаздың әкесі жанайқайын жеткізді

Опубликовано:

Сарбаз
Сарбаз. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтаудағы 25 744 әскери бөліміне әскерге алынып, кейіннен есінен адасты деп ауруханаға жатқызылған 19 жастағы бейнеулік Талғат Айтмұхановтың ата-анасы бүгінде аурухана табалдырығын тоздырып жүр. "Балам әскерге сап-сау күйінде кетті" деген әке дәрменсіз күйде отырғанын жасырмайды. Осындай оқиғаларды зерттеумен айналысып жүрген отандық блогер Бибігүл Рамазан сарбаздардың есінен адасуы бірінші рет емес дегенді алға тартып отыр. Айтуынша, аталған әскери бөлімде бірнеше жыл ішінде үш бірдей сарбаз есінен адасты деген дерек бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Әскери бөлімдердегі жас сарбаздардың өлімі және есінен адасу фактісі бойынша зерттеу жүргізіп жүрген маңғыстаулық блогер Бибігүл Рамазанның айтуынша, 25 744 әскери бөлімінде осымен үшінші сарбаз есін жоғалтып отыр.

"Әлібектің өлімінен кейін, менің жекеме түрлі адамдар шығып, балаларының қазасы туралы айта бастады. 2021 жылдың 18 мамыры күні Instagram парақшама "Бибігүл сіздің нөміріңіз керек, тағы да бір әскери бөлімде былық шығып жатыр» деп бір оқырманым хабарласады. Содан жеке телефонымды беріп едім, бір ер кісі хабарласты.

"Кеше ғана ұлымызды әскерге алып кетіп, отан алдындағы борышын өтейді деп қуанған едік. Бүгін түскі ас кезінде хабарласып "балаң есінен адасып кетті" деп хабарлады. Заңнан онша хабарымыз жоқ, көмек беріңізші" деп шықты. Содан сол күні Маңғыстау облыстық ауруханасына барсам, есінен адасты деген баланың әкесі, әкесінің ағасы тұр.

25 744 әскери бөлімінің медбикелері оларға "сіздің балаңыздың денесінде көгерген із жоқ, ешкім оны ұрып-соқпаған» деп түсіндіріп жатыр екен", - дейді Бибігүл Рамазан.

Блогердің айтуынша, бұл аталған әскери бөлімдегі үшінші жайт. Осыдан 7 жыл бұрын тағы бір жігіт есінен адасқан, дейді ол.

"Түсінесіздер ме, үшінші сарбаз. Дәл осы бөлімге келгендердің өздігінен есінен адасуы тылсым жағдай немесе жәй ғана сәйкестік емес қой. Қашанға дейін қарапайым адамдардың балалары жынды болып, өліп, оған тағы бір жазықсыз отбасының мәпелеп отырған ұлдары жауапты бола бермек?!", - деді белсенді.

Басылымның жазуынша, әскерге келгеніне бір апта толмай жатып, есінен адасты делінген 19 жастағы Талғат Айтмұханов Ақтаудан 400 шақырым жердегі Бейнеу ауданының тумасы. Сарбаздың әкесі ұлын әскерге алып кеткенін де білмей қалдым деп мәлімдеген.

"Тым жақсы еді. Бізге кешкі сағат 11-де хабарласып, "Балаң есін білмейді, тегін білмейді» деді телефонмен. 11 мамыр күні үйден сағат 15:00-де алып кеткен. "Үш күннен кейін Бейнеуге келесің" деген. Бірақ енді баланы танымай отырмын", - деді Талғат Айтмұхановтың әкесі Мақсат Сәрсенбаев.

Сарбазды әскерилер ата-анасы келгенше дәрігердің қолына тапсырған.

"Ұлым қазір Ақтаудағы психодиспансерлердің бірінде ем қабылдап жатыр. Психологтар "балада күйзеліс, өте қатты шок алған" дейді. Кеше астанадан келіп тексеріп кетті. Әскерилер туралы әңгіме бастасаң тұйықталып кетеді. Ауыл туралы, қызы туралы сұраса, бәрін айтады. Ойланып отырып, «мұрнымның ішіне, желкеме ине тықты" дейді де, қайтадан үнсіз отырып қалады. Бар мақсатым қазір ұлымды емдетіп алу.

Әскери бөлімнен ешкім хабарласып, кешірім сұраған жоқ. Бар уайымымыз – осы баланың бетін бері қарату. Ұлым ешқашан мұндай дел-сал күйге түсіп көрмеген. Қазір есі кіресілі-шығасылы. Менің ұлыма дейін де бұл бөлімнен екі сарбаз есінен адасып кеткен кеткен екен. Кінәлілер тиісті жазасын алуы керек. Дәл қазір кінәлілерді іздейтіндей жағдайда емеспін, бар ойым – ұлымның жағдайын бері қарату", - деп жауап берген басылым тілшісіне Талғаттың әкесі.

Талғат Айтмұхановтың әскерге сап-сау болып келгенін әскери бөлімдегілер де растап отыр. Алайда төрт күннен кейін сандырақтап, неліктен есінен адасқаны бәріне жұмбақ. Оның ары қарай Отан алдындағы борышын өтеу, не өтемеуі мамандардың қорытындысына байланысты болмақ.

2021 жылдың қазан айында дәл осы 25 744 әскери бөлімінен Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне қайтуына бес күн қалғанда, ақыл-есінде ауытқу пайда болған сарбаздардың тағы бірі - Ринат Жеткергенов.

Қызылорда облысының 19 жастағы тұрғынының анасы ұлының қазіргі жағдайы туралы айтып берген. Айғаным Ізбасарованың айтуынша, тұңғышы қазір көршілес Өзбекстанда емделіп жатыр.

"Баламның үйге келгеніне 9 ай болып қалды. Алты-жеті ай қатты қиналдық, ұлым бізді танымай, үйдің ішін қиратып, әкесіне де бағынбады. Содан қорыққанымыздан екі айдан аса жындыханаға жатқыздық. Ол орталықтан шыққанда бір қолы тартылып кетті. Алматының психдиспансеріндегі мамандар "бала туабітті есінің кемістігі бар емес, ол тек психологиялық шоктың әсерінен болған нәрсе" деп ұрысты.

Оқиға батыста болғандықтан, Атырау облысының дәрігері тексеруге жіберген. Сөйтсек ол "әке-шешесі баланы жатқызбады" деп айтыпты. Әлі де ем алуды тоқтатқан емеспіз, қазір Ринат әкесімен Өзбекстанның астанасы Ташкентке емінің екінші курсын алуға кетті.

Ұлымның үйге қандай жағдайда келгенін ауылдағылар көрді ғой. Үйге қайтуына төрт күн қалғанда ұлым ауырып, система алады. Тамағы ауырғаннан кейін температурасы көтеріліп, қалшылдаған. Содан жаңағы сержанттар сен "әдейі істеп тұрсың" деп баламды таңға дейін орындықпен ұрған. Тамағы мен құлағының қатты жерлеріне темекінің шоғын басып, ине тыққан.

Иненің іздері қарайып кеткен. Ринат қазір есін жинап, өзін ұрғандардың аты-жөндерін айтып берді", - деді сарбаздың анасы.

Айғаным Жеткергенова ұлын емдету үшін несие алғанын айтады.

"Осы оқиғадан кейін отбасымызда бәріміз моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да қиналып келеміз. Өзім де, отағасы да жиі ауырдық, тіпті, ауруханаға да жатып шықтық. Ұлымды емдету үшін банктен несие алдым. Өзім мұғаліммін, жолдасым жұмыссыз. Ринат тұңғышым, екінші балам биыл 11-сыныпты бітіріп жатыр, үшінші ұлым 6-шы сыныпта оқиды...

...Алматыға бара жатқан кезде ғана Батыс өңірі әскери бөлімдерінің атынан деп 700 мың теңге ақша беріп жіберген. Ол қаржы баламның денсаулығының бір парасын да өтемейді. Мен біздің елде әділетті соттың, әділ заңның барына сенбеймін", - деп ауыр күрсінді Айғаным Ізбасарова.

Аталған мәселеге қатысты басылым ҚР Бас әскери прокуроры Дастан Сартаевқа аталған істерге қатысты ақпараттық сауал жолдаған. Бас әскери прокуратураның мәліметінше, әскерге келгеніне бір апта толмай жатып есінен адасқан 19 жастағы Талғат Айтмұхановтың ісі бойынша жүргізіліп жатқан қызметтік тексеріс аяқталмаған.

"Қорғаныс министрлігінің 25744 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі қатардағы Т.М.Айтмұханов Манғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында медициналық тексеруде.

Оған Ақтау қаласының №1 поликлиникасының дəрігерлік консилиумының "мінез-құлықтың бұзылуына алып келген бейімделудегі қиындықтар" алдын ала диагнозы себеп болды. Бұл бойынша, 19.05.2022 жылы Ақтау өңірлік гарнизонының əскери полиция басқармасымен материал ақпараттық есеп кітабіна тіркеліп, қызметтік тексеріс жүргізу үшін «Батыс» өңірлік қолбасшысына жолданды", - делінген мәліметте.

Әскерден кетуіне бір апта қалғанда есінен адасқан Арал ауданының 19 жастағы тұрғыны Ринат Жеткергеновтің ісі бойынша тергеу амалдары әлі де жүріп жатыр.

"Аталған 25744 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі қатардағы Р.А.Жеткергеновтің əскерден психиқалық ауытқулықтарымен оралғаны туралы ата-анасы шағымданған. Аталған факт бойынша ҚР ІІМ Батыстық өңірлік əскери-тергеу басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тергелуде.

Казіргі кезде, сот-сараптамалар институтымен амбулаториялық қайталама кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптамасы жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нəтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады", - деп жауап берді баспасөз қызметі.

Айта кету керек, 22 сәуірде Жамбыл облысында сарбаз борышын өтеп жүріп көз жұмған маңғыстаулық жас сарбаз Әлібек Қалбайдың өлім фактісі бойынша да іс аяқталмаған.

"30212 əскери бөлімінің мерзімді əскери қызметшісі Ә.С. Қалбайдың қайтыс болу фактісі бойынша ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік əскери-тергеу басқармасы Гвардия бөлімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 440-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қадағалау шараларымен қылмыстық істердің мəн-жайларын зерттеудің толықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілуде.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сəйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды", - делінген мәлімдемеде.

Мақала авторы: Айжан Бақбергенқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972387-mangystaudagy-askeri-bolimde-esinen-adasty-degen-19-zastagy-sarbazdyn-akesi-zanaiqaiyn-zetkizdi/

pixel