Ақтөбе облысында тұрғындар қалдық су төгілетін полигонның қауіп төндіріп тұрғанын айтып, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Ақтөбедегі Қарауылкелді ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі қалдық су төгілетін полигонның қауіп төндіріп тұрғанын айтып, жанайқайын жеткізді. Аталған мәселе бойынша Экология департаменті дабыл қағып, сот полигонның жұмысын тоқтату туралы үш жыл бұрын шешім шығарғанымен, бүгінде ештеңе өзгермеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы саналатын Қарауылкелді ауылына тілшіміз арнайы барды.
Ауыл тұрғыны Қайрат Ізтұрғановтың сөзінше, полигонға қатысты мәселенің көтерілгеніне бірнеше жыл болған. Экология департаменті сотқа шағым да түсірген. Сот полигонды жабу туралы шешім шығарған. Бірақ қалдық су әлі күнге дейін сол жерге төгіледі дейді ол.
"Суы толып тұр. Арғы жағынан Сағыз өзеніне ағып кету қаупі бар. Полигонның жан-жағы қоршалмаған. Ол жерден ауыл малдары су ішеді. Әжетхана, монша, аурухананың суы да осында төгіледі. Ертең ауру таралмасына кім кепіл", - дейді Қайрат Ізтұрғанов.
Бірнеше жыл бұрын заңсыз деп танылған полигонның не себепті жабылмай тұрғанын аудан әкімі Қайрат Отаров түсіндіріп берді.
"2019 жылы тексеріс кезінде кәріз суына арналған полигонды жабу керек деген шешім шықты. Бірақ суды қайда төгеміз? Сондықтан суды әлі күнге сол полигонға төгіп жатырмыз. Қазіргі уақытта дамбы қылып жасалған үлкен шұңқырдың іші тола бастағаны рас.
Биыл қар, су көп болды, халықта қорқыныш болды. Көктемде айналасын қапшықпен қалап тастадық. Бір тамшы су шыққан жоқ", - деген аудан әкімі мәселенің биыл да шешілмейтінін жасырған жоқ.
"2019 жылы полигон сот шешімімен заңсыз деп танылғаннан кейін басқа кәріз суын төгетін орын салу керек болды. Сол жылы қаражат ала алған жоқпын. 2020 жылы облыс әкімі келгенде қайта-қайта айтып, түсіндіріп, кәріз суына полигон салу керектігіне көзін жеткіздік.
Сөйтіп, ол кісі былтыр тамыз айындағы сессияда 20 млн теңге қаражат берді. Қыркүйекте конкурс жарияладық. Бірақ оған ешкім қатыспады. 2022 жылдың бюджетін құрғанда облыс басшысына тағы айтып, 20 млн теңгені қалдырдық.
Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Ол заң бойынша 8 ай жасалу керек. Биыл жыл соңына дейін бітірсе, 2023 жылы құрылыс жұмыстарына кіреміз. Оған кем дегенде 2-3 млрд теңге қаржы жұмсалады деген болжам бар. 2023 жылы құрылыс жұмысына ақша алсақ, бастап кетеміз. Осындай жоспар бар", - дейді Қайрат Отаров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972459-aqtobe-oblysyndagy-auyl-turgyndary-qaldyq-su-togiletin-poligonnyn-qauip-tondirip-turganyn-aityp-dabyl-qaqty/