Іздеуде жүрген Нұрлан Мәсімовтің орналасқан жері туралы ақпарат үшін сыйақы тағайындалды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іздеуде жүрген Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовтің орналасқан жері туралы ақпарат үшін сыйақы тағайындалғанын мәлімдеді. Бұл туралы агенттік Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
"Аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 1973 жылы туған Мәсімов Нұрлан Мырзаханұлы іздестірілуде. Күдіктіні анықтау немесе оның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болған жағдайда агенттіктің көрсетілген телефондары бойынша хабарлауды сұраймыз: call-центр 1424, +7 (7172) 909 260, +7 (727) 278 7300, +7 (707) 978 0808", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Антикор іздеудегі азаматтың орналасқан жері туралы ақпарат бергені үшін 4 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін сыйақы тағайындалғанын мәлім етті.
Сондай-ақ агенттік хабарламаның құпиялығына кепілдік берілетінін атап өтті.
Айта кетейік, Нұрлан Мәсімов Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен 17 қаңтар күні босатылған еді.
Кейін оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, іздеу жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972490-izdeude-zurgen-nurlan-masimov-turaly-aqparat-usin-syiaqy-tagaiyndaldy/