Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір үйден 40 жылқыға дейін қырылды": Кеген ауданы тұрғындары Бозымбаевтан өңірдегі өзекті проблемаларды шешуді сұрады

Жарияланған күні:

Қанат Бозымбаев
Видеодан кадр: Instagram/alm_obl_akimat

Алматы облысы Кеген ауданының тұрғындары облыс әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесу кезінде өңір басшысын сұрақтың астына алды. Жиында жайылымдық жердің аздығы, ауылдардағы жұмыссыздық, елдімекендерге газ құбырын тарту, сонымен бірге ауылшаруашылық саласының өзекті проблемалары қозғалды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеген ауданы тұрғындарының 90 пайызы ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың басты табыс көзі – мал. Кездесуден белгілі болғандай, өңірде осы саладағы проблемалар тез арада шешімін табуды қажет етеді. Тұрғындар мал жаятын шұрайлы жер тапшылығынан қыста мал шығыны көп болғанын тілге тиек етті. Алайда бұл ретте тұрғындарға ешқандай өтемақы берілмеген.

"Былтыр 2021 жылы қуаңшылық болды, жайылымдық жер жетіспеді. Бұл жұт жылқы малына қырғидай тиді. Жылқы жаз айларында қазы жинауы керек еді. Қаңтар айынан бастап мал қырылды. Мен өзім көрдім, бір үйден тоғыз жылқы, он жылқы, жиырма, қырық жылқыға дейін өлді. Ал жайлауға шыққанда, өліктері шашылып жатты. Малдың қырылғанының кесірінен бірнеше үй қалаға көшеміз деп отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп, өтемақы төленуі керек деп санаймын", – деген талабын жеткізді Қарқара ауылының тұрғыны Сұлтан Нұрбаев.

Аудандық атқамінерлер болса, бұл мәселе бойынша барлық арнайы хаттама толтырылғанын жеткізді. Десе де, олар халыққа ешқандай көмек көрсетілмегенін мойындады.

"Шығын болғаны рас. Көктемгі күн райының күрт өзгеруінен наурыз айында 266 бас ірі қара, 431 бас жылқы, 1900 қой шығын болған. Қолдау көрсетілген жоқ", – деді ол.

Осы ретте шаруаларға ешқандай көмек көрсетілмегенін айтқан жергілікті басшылар облыс әкімінен сөз естіді. Қанат Бозымбаев бұл мәселеден мүлдем бейхабар болып шықты.

"Мен бірінші рет естіп отырмын. Мен 5-6 мал басы кетті деп ойлаған едім. Мына мәселені тоқтатайық. Облыстан комиссия жіберемін. Көрсін, құжаттаманы тексерсін. Мал шығынын анықтайды. Көмек көрсетеміз. Біз тиісті мәселені көтереміз. Комиссия келесі аптада келеді", – деді әкім.

Ал екінші бір тұрғын бұл мәселенің басы арыда екенін айтты. Айтуынша, шұрайлы жерлердің барлығы инвестордың қолында болғандықтан, халық жайылымдық жер таппай отыр.

"Тасашы ауылдық округі бойынша бізде жер бар. Маңғыстау, Атыраудағы сияқты емес, шөп көп өседі. Сол жерлерді мақсатымен тиянақты пайдалана алмай отырғандықтан осындай жағдай болды. Біздің аудан облысқа 650 млн теңге пайда әкеледі. 30 жылда Қазақстан Қазақстан болғалы бұл ақшаны салған да жоқ, салмайды да. Неге тұрғылықты халық оның зардабын шегуі керек?

Бізде осында Алматыдағы сияқты тұрғымыз келеді. Неге олай болды? Себебі біздің жерлеріміздің барлығы инвестордың қолында. Бізге шөп өспейтін жер бергісі келеді. Бізде жайлау бар. Бірақ малды бар жайлауға шығара алмаймыз, малымыз өзіміздің отырған жерге жайылады. Жердің мәселесі дұрыс шешілмеген", – деді ол.

Облыс әкімі аталған мәселені шешуге уәде берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972534-bir-uiden-40-zylqyga-deiin-qyryldy-kegen-audany-turgyndary-bozymbaevtan-onirdegi-ozekti-problemalardy-sesudi-surady/