Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қотыр жараға таптырмас ем": Жаңақорғанда жер астынан шығатын шипалы судың аумағы аянышты күйде тұр (фото)

Опубликовано:

Жаңақорған ауданындағы емдік суға халықтың ықыласы артқан
Табиғи емдік ыстық су шығатын жер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына қарасты Апанқақ елдімекені соңғы кездері жұрт назарын жиі аудара бастады. Бұған себеп – 800 метр тереңдіктен шығып жатқан табиғи ыстық су. Түрлі дертке ем болатын шипалы суды іздеп келушілер көп болғанымен, мұндағы инфрақұрылым сын көтермейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген тарихшы Нәбихан Шалапов мәлімдеді.

Нәбихан Шалапов 25 жыл бойы аудандық тарихи-өлкетану мұражайын басқарып, аймақтағы тарихи орындар мен құнды жәдігерлерді түгендеп жүрген санаулы азаматтың бірі. Оның айтуынша, Апанқақ елдімекеніндегі табиғи ыстық су аумағы үлкен күтімді қажет етеді.

"Бұл елдімекен тау беткейінде орналасқан Жаманбай ауылдық округіне қарайды. Бірақ Түгіскен ауылымен шектесіп жатыр. Мұндағы табиғи жерасты суы өздігінен 800 метр тереңдіктен шығады. Бұл судың қасиеті көп. Әсіресе, қотыр жараларға шипасы зор. Псориазға таптырмас ем. Тап осы дерт мазалағандар суға түсіп, сауығып кетуде.

Апанқақ елдімекеніндегі емдік су
Емделушілер түсетін ванна. Фото: KAZ.NUR.KZ

Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматыдан келген сарапшылар су құрамын тексеріп, емдік қасиеті бар көптеген минерал барын анықтады. Бұл суды аудан тұрғындарынан бөлек, еліміздің әр түкпірінен іздеп келетіндер қарасы көбеюде. Тіпті қақаған ақпанда Ақтөбе облысынан келіп суға түсіп жатқандарды өз көзіммен көргем. Өкінішке қарай, елдімекенге электр жарығы барғанымен, инфрақұрылым өте нашар. Жолдың қиындығы көпшілікті шаршатады. Мұндай табиғи емдік орынға ешкім де қызығушылық танытпай отыр", - дейді тарихшы.

Апанқақ елдімекенінде жеті отбасы тұрады
Апанқақ елдімекені: KAZ.NUR.KZ

Апанқақ елдімекенінде жеті отбасы тұрады. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, емдік суды іздеп келушілерге қызмет көрсетеді. Өйткені, табиғи орын айналасында адамдардың демалуына еш жағдай жасалмаған.

"Жерастынан шығып жатқан судың ыстықтығы сонша, қолыңды күйдіріп жібереді. Ал суды ваннаға толтырып, бірден отыра кетсеңіз, ерекше күй кешесіз. Бірнеше жыл бұрын тұрғындар атсалысып, ыстық судың басына күрке мен екі ванна орнатты. Бірақ мемлекеттің де, жеке кәсіпкерлердің де қарамағында болмаған соң, бұл жердің де шырайы кетіп барады.

Табиғи ыстық су ешкімнің меншігінде жоқ
Апанқақ елдімекеніндегі табиғи ыстық су. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бұрын осы ауылдық жерде медицина саласында жұмыс істеген апай тұрыпты. Сол кісі емге келушілердің қан қысымын өлшеген соң ғана суға түсуге рұқсат берген екен. Қан қысымы көтеріліп тұрғандарды қанша алыстан келсе де суға түсірмеген. Қазір мұны бақылап жатқан ешкім жоқ. Мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан көңіл бөлініп, үлкен емдік орынға айналдырса нұр үстіне нұр болар еді. Егер осы емдік орынды қолға алатын болса, дертіне ем іздеген талай адамға шипа қонып, ауылға әкелетін жол да жөнделер еді.

Апанқақ елдімекені
Апанқақ елдімекеніне апаратын жол. Фото: KAZ.NUR.KZ

Өкінішке қарай, бұл мәселені қанша айтсақ та, естір құлақ болмай тұр. Жолдың нашарлығына қарамастан, мұнда келушілер өте көп. Тек инфрақұрылымды реттеп, сауықтыру орнына айналдыру қажет. Мамандар мұндағы ыстық судың шипасы Сарыағаштағы судан да кем еместігін айтты", - дейді Нәбихан Шалапов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972676-qotyr-zaraga-taptyrmas-em-zanaqorganda-zer-astynan-sygatyn-sipaly-sudyn-aumagy-ayanysty-kuide-tur-foto/

pixel