Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағдарламадағы жаңашылдық, мектептердегі орамал және VIP-рейс: Аймағамбетов NUR.KZ тілшісіне ауқымды сұхбат берді

Жарияланған күні:

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

NUR.KZ-тің "Министрмен таңғы ас" жобасының кезекті қонағы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналист Әсел Кенжалинаның сұрақтарына жауап берді. Министр елдің сынына қалай қарайтынын, мектеп бағдарламасында тағы қандай өзгеріс болатынын, діндарларға мектептерде орамал тағуға қаншалықты рұқсат екенін айтып беріп, жеке өміріне қатысты тың ақпаратты бөлісті.

– Асхат Қанатұлы, жақында сенатта еліміздегі білім беру стандарттары тым жиі өзгеретіні және орта мектептердегі білім мазмұнын жаңарту тым асығыс жүргізіліп жатқаны сөз етілді. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Білім беру стандарттары үнемі өзгеріп, түбегейлі өзгерістер болып жатыр деу онша дұрыс емес. Қолданыстағы мектеп бағдарламалары мен мемлекеттік стандарттың өзі 2015 жылы бекітіліп, 2016-2021 жылдар аралығында мектептерге кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Шын мәнінде, бұл реформа мектепте білім беру бағытында жүргізілген соңғы 30 жылдағы ең үлкен реформа болды, өйткені білім беру парадигмасы өзгерді. Салыстырар болсақ: PISA нәтижелері бойынша посткеңестік елдердің бірі және әлемдік көшбасшы Эстония 1987 жылдан бері оқу бағдарламасын төрт рет жаңартты. Көпшілікке үлгі болып үлгерген Сингапур да өз бағдарламасын бірнеше рет жаңартты. Көптеген жетекші ел туралы да солай айтуға болады.

2016 жылы жаңартылған бағдарламалар бойынша еліміздегі бірінші сыныптар оқи бастады, 2017 жылы 2, 5, 7-сыныптар да жаңартылған бағдарламаларға көшті, сөйтіп 2021 жылға дейін сыныптар жаңа бағдаламаға біртіндеп ауыса бастады. Министрлікке келгенімде, бәрін пысықтауға немесе өзгертуге мүмкіндік болмады: 1-2 сыныпта оқитын балалар бағдарлама бойынша оқуды бастап кеткен болатын, белгілі бір тақырыптарды пысықтап үлгерді - кенеттен бәрін тоқтатып, басқасын енгізу мүмкін емес еді. Оның үстіне бұл бір-екі жылда жасалатын дүние емес.

Осы уақыт ішінде министрлік аталған бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалап, сараптау жүргізді. Расында, жетілдіретін тұстары бар. Бүгінде Ұлттық білім академиясының жанынан үздік оқытушылардан, әдіскерлерден, ғалымдардан, сарапшылардан тұратын жұмыс тобы құрылды.

– Мәселен, нені жетілдіру қажет деп санайсыз?

– Бұл пәнге байланысты. Мәселен, тарихшылар тарихты оқу 5-сыныптан басталатынын, бірақ бұл олардың жас ерекшеліктеріне мүлдем сәйкес келмейтінін айтты. Ал 6-сыныпта бір жылда балалар 12 ғасырдың тарихын – V ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейінгі тарихты өтуі керек. Ал бұл Түркі мемлекеттері, Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірін қамтитын тарихымыздың маңызды кезеңдерінің бірі. Қысқа уақыт ішінде балалар тым көп ақпаратты меңгеруі керек. Сондықтан да мектеп оқушыларының өз елінің тарихынан білімі шектеулі, таяз.

Олар V-XVII ғасырлар аралығын жылдам қарқынмен өтеді де, одан кейін жоғары сыныптарда XVIII-XX ғасырлар тарихын ұзақ, жан-жақты зерттейді. Балалардың тарихқа деген сүйіспеншілігін 5-сыныптан бастап аңыз, миф, хикаялар арқылы оятып, кезең-кезеңімен білім беру қажет. Бұл оқушыларға тарихты тұтас қабылдауға, себеп-салдар байланысын және тарихи үдерісті түсінуге мүмкіндік береді.

Асхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов. Фото: NUR.KZ

– Бұл жаңашылдықтарды бағдарламаға қашан енгізу жоспарланып отыр?

– Бағдарламаны әзірлеу бір күннің ісі емес. Біз бұл бағытта қызмет етіп жатқан жұмыс тобын құрдық. Артынша апробация болады, содан кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл жерде асықпау керек. Басқа пәндерге қатысты да солай болмақ.

Тұтастай алғанда, мен бұл жаңартылған бағдарламаның қажеттілігі мен түбегейлі маңыздылығына еш күмәнім жоқ. Түйткіл тек сол жаңартылған бағдарламада ғана емес, реформаны қолдауда, дайындауда, ресурстармен, базамен қамтамасыз етуде және т.б. болды. Біздің қоғамда теріс пікір қалыптасқанымен, объективті бағалау болу керек.

XXI ғасыр, бәрі өте тез өзгеруде, көптеген институт өзгеріп жатыр: мемлекет, отбасы институты. Мектеп сияқты әлеуметтік институт та әлеуметтік ортада қалыптасатындықтан, өзгеруі керек. Бұрын кеңес заманында бала 1-сыныпқа барып, болашақта кім болып жұмыс істейтінін сол кезден-ақ түсінсе, бүгінде бәрі өзгерді. Бүгінгі бірінші сынып оқушысы мектеп бітіргенше мамандықтың 60%-ы жаңадан пайда болады. Технология өзгеруде, нарық өзгеруде, біз балаларды өмір бойы білім алуға, жаңа жағдайларға бейімделуге, сыни тұрғыдан ойлауға, топпен жұмыс жасауға, ақпаратты талдауға және синтездеуге үйретуіміз керек. Бұл жаңа қалыпты жағдай.

Иә, кеңестік білім беру жүйесі тиімді болды, бірақ тек сол кезеңнің және қоғамның экономикалық құрылымы үшін. Ал қазір әлем басқаша – белгісіз, тұрақсыз, күрделі және өзгермелі әлем. Білім саласында сіз тез арада қол жеткізуге болатын жеңістерді, жеке пікірлерді бағдар ете алмайсыз, басты қағида болуы керек - дәлелдер мен ғылымға негізделген шешімдер - evidence-based design.

– Яғни, айтылған сынмен, барлығы айтарлықтай сәтті жүзеге асырылып жатпағанымен келіспейсіз ғой?

– Қашан да зерттеулер мен сенімді деректерді негізге алу керек. Сын өте пайдалы. Сонымен қатар саясаткерлер көпшілік алдында сөйлеген сөздеріне жауапкершілікпен қарау керек деп ойлаймын. Күнделікті әңгімеде айтатын нәрсе бір бөлек, ал биік мінберден сөйлегенде сенімді деректер мен ғылымды пайдалану керек.

Сын айтқан адам қашан да тиімдірек жағдайда болады, "бәрі жаман" деген ұрандар өте жақсы қабылданады, барлығы қол соғады, бәріне ұнайды. Бірақ жеке тәжірибеңізге сүйене отырып емес, контекстті зерделеу арқылы ұсыну маңызды. Адамның бір кездері мектепте болғаны оның білім саласының маманы екенін білдірмейді.

Мәселе білім беру саласында механикалық тәсілдерге жүгінуде. Көбі оны жеңілдетілген түрде көреді - бұйрық шығарылды ма, бәрі өзгеруі керек деп санайды. Жоқ, білім – елдегі ең үлкен жүйе. Мұғалімдер – тірі жандар. Түптеп келгенде, білім беру – мемлекеттік жүйенің бір бөлігі, ұстаздар мен оқушылар – қоғамда үстемдік ететін құндылықтарды ұстанушылар. Сонымен қатар адамдар білім беру жүйесімен басқа жүйелерге қарағанда жиі ұштасып жатады. Мысалы, сіз биыл полицияға қанша рет хабарластыңыз?

– Қуанышыма орай, бір рет те хабарласпадым.

– Ал емханаға қанша рет бардыңыз? Бұл, әрине, күнде бола бермейді. Азаматтардың көпшілігі тіпті осындай білім беру жүйесі сияқты үлкен жүйелермен жиі және тығыз байланыста болмайды. Күн сайын бізде әкесі, анасы және әжесі бар 3,6 миллион бала мектепке барады. Біздің білім беру жүйесінде тағы 1 миллионға жуық адам жұмыс істейді. 1 миллионнан астамы – балабақшаларда және 1,2 миллионға жуығы – колледждер мен университеттерде. Олардың барлығы күн сайын білім саласымен ұштасады. Жүйені жақсарту қажет екенін білеміз және біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

– Үштілділік бастамасы, әсіресе, бастауыш сыныптарда орынсыз болды деген пікір бар.

– Біз тілдерге қатысты жаңа дискурс қалыптастыруымыз керек. Бізде қазір жағдай қандай? "Не-немесені" қолданып жатады, ал негізінен мемлекеттік тілді білудің айқын және сөзсіз басымдығын ескере отырып "және" қоданылуы керек.

Екі, тіпті үш тілді білу – біздің артықшылығымыз. Ағылшын тілін білу қажеттілігіне күмәнданбау керек. Ғылыми мақалалардың 90%-дан астамы ағылшын тілінде жарияланады, интернеттегі контенттің 60%-ы ағылшын тілінде.

Бастауыш сыныптарға келер болсақ, осы тақырып бойынша зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді меңгеру қиынға соғатынына көз жеткіздік - бұл тиімсіз. Мәселе дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселе бойынша шешім қабылдадық және бірінші сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектептерде бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгеруі, яғни алдымен өз ана тілінде оқу мен жазуды меңгеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектептерге келсек, 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тілдер, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Әдістемелік тұрғыдан алғанда бұл орынды, мұндай зерттеулер мен ұсыныстар жасалып қойған, сондықтан біз оны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

– Алдағы оқу жылында орта білім беру жүйесінде тағы қандай жаңалықтар күтілуде?

– Биылдан бастап "Көркем еңбек" пәнін бұрынғыдай екі түрлі пәнге, 2016 жылға дейін "Еңбек" және "Бейнелеу өнері" деп бөлу жоспарланып отыр. 2024 жылдан бастап мектептерде "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәнін бөлуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, себебі бұл пәндердің – тіл мен әдебиеттің оқу мақсаттары әртүрлі. Қазақ мектептерінде "Әлем әдебиеті" жеке пәні туралы мәселе бұрыннан көтеріліп келеді – бұл әділ пікір. Балаларымыз қазақ, орыс әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетін де білуі керек.

– Мектеп бағдарламасынан дене шынықтыру пәнінің үшінші сағатын алып тастау мәселесі қаралып жатқаны рас па?

– Мұндай ұсыныстар бар. Олар мұны мектептерде спорт залдарының жеткіліксіздігімен түсіндіреді. Сағат бар, бірақ спорт залдары жоқ. Тіпті гимнастикалық және спорт залы бар жаңа мектептерде де сабақ өткізуге бұл жеткіліксіз. Көбіне әр сабақта бізде спорт залдарында бір уақытта 5 сынып жиналады! Дегенмен көптеген бала аз қозғалатын өмір салтын ұстанатынын ескере отырып, балалардың бұл сабақта тым құрымағанда жүгіре алуы маңызды. Менің ұстанымым дене шынықтыру сабағының үшінші сағатын алып тастамау. Бүгінгі күнге ондай жоспарымыз жоқ. Керісінше, балаларды спортқа баулу керек.

– Спорт залдарды не істеуге болады?

– Қазір бізге олардың санын арттыру қажет, бір мектепке бір спорт зал жеткіліксіз. Қазір ИИДМ 1200 орындық бір мектепке 3-4 спортзал болуға тиіс жаңа типтік жобалар жасап жатыр. Егер ұрпағымыздың дені сау болғанын қаласақ, онда бұл үшін жағдай жасауымыз қажет.

– Мектептерден балабақшаларға қарай ауыссақ. Балабақшаларда тәрбиешілер тарапынан балаларға қысым көрсетіліп жатқаны туралы жаңалықтарға қатысты сіз мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойлатын талап күшейтілетінін мәдімдедіңіз. Ал бұл талап мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде қамтылатын бала саны азайып кетуіне әкелмей ме?

– Азаймайды, бұл анық. Бұл қауіпке еш негіз жоқ. Ешкім оларды жапқалы отырған жоқ. Қазіргі таңда балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдармен қамтылуы 99%-ды қамтып отыр. Осы жылдың аяғына дейін 300 балабақша ашылмақ. Санға ғана емес, сапаға да мән беру керек. Бізде осыған байланысты проблемалар көп. Балабақшалар санының аз уақыттың ішінде артуы үшін мемлекеттік бақылауды, аттестацияны, лицензия алу туралы талапты алып тастап, санитарлық және өзге де нормалар жеңілдетілді.

– Балабақшаларда кішкентай балалармен зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдардың жұмыс істеуіне қалай жол берілді? Неге мұндай жағдайлар орын алып отыр?

– Себебі көп жағдайда ақша үнемдеп қалғысы келеді. Бұл да бизнес қой. Нормалар мен бақылау жоқ. Кей балабақша бір топқа 50 баладан алады. Күні бойы олармен бір ғана тәрбиеші жұмыс істейді. Қандай мықты маман болса да, 50 баламен күні бойы бір ғана адам жұмыс істегендіктен, кез келген адам өзін өзі бақылай алмай қалады. Осылай болып та жатыр. Олар (ред. - тәрбиешілер) өте тез өзін-өзі жоғалтып алады. Мемлекеттік балабақшаларда бір топтағы балалар саны шектеулі. Күтуші бар. Түске дейін бір, түстен кейін екінші тәрбиеші алмасып жұмыс істейді. Тәрбиешінің біліктілігіне қатысты арнайы талаптар бар.

Сондықтан біз қазір жекеменшік балабақшаларға бұл талаптарды орындауға міндеттеп отырмыз. Егер оларға мемлекеттік тапсырыс қажет болса, бір топта 25 баладан аспау керек. Қажетті біліктілігі бар бірнеше тәрбиеші болуға тиіс. Бұл қиын талап па? Сонымен бірге біз лицензия алуды талап етіп отырмыз. Бала құқығы басқа нәрселердің барлығынан биік тұруы керек.

Бірақ бұл шаралардың өзі жеткілікті емес. Тәрбиешілердің жалақасын да, жұмыс сапасын да арттыру керек, ресурстармен қамту керек. Қазіргі таңда біз балабақшалардағы бағдарламалар мазмұнын жаңарту бойынша ауқымды реформаны қолға алдық. Яғни ел аузындағы бірді-екілі шаралар емес, кешенді түрде қарастырудамыз.

– "Педагог мәртебесі туралы" заң сіздің тұсыңызда күшіне еніп, мамандықтың беделін көтеруге оң әсер етті. Бірақ бұл норма алғашында талқыланғанымен, заңда тәжірибесі бар мұғалімдерді зейнет жасына дейін зейнеткерлікке шығару туралы тармақ енгізілмеген. Сіз бұл шешімді қайта қарауды жоспарлап отырсыз ба?

– Бұл біздің министрліктің құзіретіне кірмейді, өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша түсініктеме бере алмаймын. Қазір біз тағы бір мәселені қарастырып жатырмыз: мұғалімдер бізден 30 және одан да көп жыл өтілі бар ұстаздар үшін аттестациядан өтудің жеңілдетілген тәртібін енгізуді сұрап отыр. Осыған байланысты қазірдің өзінде бірқатар шара әзірленуде, біз мұны жүзеге асырамыз.

– Ал жас әріптестерімен салыстырғанда энергиясы аздау егде жастағы мұғалімнің қызметі қаншалықты тиімді болмақ?

- Бұл жерде жасы маңызды емес, оның үстіне барлық зерттеу мұны растай түседі. Ең бастысы оның құзыреттілігі, өзін-өзі жетілдіруі, мамандығына деген сүйіспеншілігі.

– Бүгінгі таңда мектептерде орамал тағуға тыйым салынған. Десе де бұл мәселе қоғамда бірнеше рет қайта көтерілді. Діндарлар БҒМ-дан мәселені қайта қарауды сұрады. Сіз бұл мәселеге назар аудардыңыз ба?

– Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді, онымен байланысты көптеген талқылау біздің елде ғана емес, басқа да бірқатар елде жүріп жатыр. Бірақ Қазақстан – зайырлы мемлекет, мектеп те – зайырлы мекеме. Сонау 2016 жылы қабылданған бұйрық бар, талаптары бар. Дегенмен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, әр түрлі топты қамтуды қамтамасыз ету маңызды екенін байқаймыз. Мен инклюзивтілікті жақтаймын және қолдау қажет екенін түсінемін. Әрине бұл Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне ғана қатысты емес, басқа органдармен талқылау қажет. Мысалы, басына орамал кие алмағандықтан ата-анасы сабаққа жібермейтін қыздарды қарастыра аламыз. Осы себептерге байланысты балалар мектепке бармаса немесе қашықтан оқытуға көшуге мәжбүр болса, бұл кері әсерін тигізеді, ал біз инклюзивті қоғам болуымыз керек. Бұл мәселе назар аударуға тұрарлық.

– Жеке өміріңізге тоқталайық. Сіз ұлыңыздың мемлекеттік мектепте оқитынын бірнеше рет айттыңыз, ештеңе өзгерген жоқ па?

– Мүлде өзгермеді. Ол қарапайым мектепте оқуын жалғастырып жатыр. Мемлекеттік мектептер жақсы білім береді.

– Сіздің балаңыз Білім министрінің ұлы ретінде қандай да бір артықшылықтарды сезіне ме?

– Жоқ. Керісінше, десек те болады.

– Балаңыздың оқу үлгерімі қалай?

– Ол биылғы оқу жылын үздік бағамен бітіріп, 1-сыныптан бастап өздігінен оқиды. Балалардың оқуға деген саналы көзқарасын қалыптастыру маңызды.

– Баланы мұндай дербестікке қалай үйреттіңіз?

– Мен мұғаліммін. Қолдау, ынталандыру, керек болса ойын түрінде түсіндіру, қызықтыру керек. Балаларды кітап оқуға баулу, содан кейін оқығанын бірге талқылау маңызды, жалпы қызығушылық таныту керек. Сіз жеңілінен бастай аласыз – "Абай жолы" кітабынан емес, Дюмадан немесе Жюль Верннен емес, мысалы, ертегілерден, комикстерден, новеллалардан бастап, содан кейін байыпты кітаптарға көшуге болады.

– Сіздің отбасыңызда гаджет мәселесі жоқ екен?

– Ол жағынан ешқандай мәселе жоқ, өйткені пайдалануға шектеулер бар, ережелері бар. Тіпті ересектер үшін де өзін-өзі тәрбиелеу оңай емес, балаларды айтпасақ та болады.

– Қоғамда министрлер кабинетінің VIP-рейстерге қаражат жұмсау мәселесі талқыланды. Сіз тек бизнес-класпен ұшасыз ба?

– Жоқ, мен тек эконом-санатта ұшамын, бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын

– Бүгінде жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің гардеробы да талқыға түсіп жатыр. Брендтермен қарым-қатынасыңыз қалай, өзіңізге 3000 доллар тұратын жейде алуға ерік бересіз бе?

– Ондай бағадағы жейде жоқ деп ойлаймын (күледі). Түсінбеймін, киімге қалай көп ақша жұмсауға болады. Мен қымбат брендтерге мүлдем бейжай қараймын. Мұндай бағаға қол жеткізу үшін сансыз промоушн, жарнамаға қаншалықты ақша жұмсалатынын түсінген кезде ... Киім ұқыпты, ыңғайлы және жарасымды болуы керек. Киім алғанда осы критерийлерге баса назар аударамын.

– Сізді көкөніс сататын дүкендерден, супермаркеттерден жиі көруге болады дейді. Бұл рас па?

– Бұл менің үйдегі міндетім. Аптасына бір рет мен азық-түлік сатып алуға барамын, өйткені әйелім онсыз да үй шаруасымен айналысады, оның үстіне әйеліме ауыр заттарды көтерудің қажеті жоқ. Апта ішінде нанға бара аламын, керек затты сатып аламын. Мен басқа адамдар сияқты өмір сүремін.

– Сізді көшеде танып жата ма, сұрақ қойып мазалайды ма?

– Жол бермей, мазалайды деп айта алмаймын, бәрі де болуы мүмкін. Кейде жүгінеді, кеңес сұрайды – қай оқу орнына бару керек, қай факультетті таңдау керек. Мұндай жағдайларда мен әрқашан жауап беруге, кеңес беруге тырысамын.

– Біз министрлердің спортпен шұғылданатынын көрсетіп, жүгіріп немесе турникте тартылып жатқанын көрдік. Бұған қалай қарайсыз?

– Спорт өте маңызды, мен үнемі оған уақыт табуға тырысамын, өйткені жұмысымызда аз қозғаламыз. Әдетте түскі асқа үзіліс уақытында шұғылдануға мүмкіндік болып жатады, егер жұмыс көп болмаса. Мен аптасына бірнеше рет жаттығу залына барамын, демалыс күндері жүгіремін, жүгіргенді жақсы көремін.

– Ашық әңгімеңіз бен қызықты сұхбат үшін рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972730-bagdarlamadagy-zanasyldyq-mektepterdegi-oramal-zane-vip-reis-aimagambetov-nurkz-tilsisine-auqymdy-suxbat-berdi/