Атырауда есірткі тасымалдаған оқушы 7,5 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Атырауда есірткі тасымалдаған мектеп оқушысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Бәкіров хабарлады.
Саян Бәкіровтің сөзінше, кәмелет жасына толмаған бала әлеуметтік желіден жұмыс тәжірибесі жоқ, десе де жалақысы жоғары жаяу курьер қажет екені туралы хабарландыру тапқан.
"Ол курьердің жұмысына психотроптық заттарды жасырын орындарға жеткізу кіретінін біле тұра, материалдық тұрғыда тез баюды көздеген. Оның аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды сақтау, тасымалдау және өткізуге бағытталған электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы қылмыстық ниеті анықталған. Нәтижесінде оқушы К. 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған", - деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Саян Бәкіров.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірде жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 20 оқушы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, оның 13-і ауырлығы орташа және жетеуі ауыр қылмыс.
Осыған байланысты мамандар ата-аналарға балаларының интернет желісін пайдалануын қатаң бақылауда ұстауға кеңес береді.
Ляззат Салимова, Атырау
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1972919-atyrauda-esirtki-tasymaldagan-oqusy-75-zylga-sottaldy/