Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Картоп бағасы әлі түскен жоқ": Ақтөбеде күнделікті тұтынатын өнімдерді қарызға алушылар көбейген

Опубликовано:

дүкен
Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Бүгін Ақтөбеде әлеуметтік тауарлар бағасын бақылауға шыққан мониторинг топ мүшелерін кәсіпкерлер сұрақтың астына алды. "Азық-түлік бағасы шарықтап кетті" деген шағын дүкен иелері әлеуметтік тауарды қарызға беріп отырғандарын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Біз бағаны көп көтере алмаймыз. Қазір қарызға алатындар көбейді. Халықта ақша жоқ. Сұйық май, қант, күріш секілді күнделікті тұтынып отырған өнімдерді қарызға сұрайды. Қарыз сұрайтындардың көбі пәтер жалдап жүрген жастар. Қазір бұрынғыдай жеміс-жидек өтпейді. Картоп бағасы әлі түскен жоқ. Картопты 320-330 теңгеден сатып отырмыз. Сұйық май бағасы тағы 100-200 теңгеге көтеріліп жатыр. 730 теңгеден сатып отырған сұйық майымыздың фирмадан келетін бағасы 900 теңгеге өскен", - дейді Болашақ ауданындағы дүкен иесі Бибігүл Бабырова.

Бибігүл Бабырова
Кәсіпкер Бибігүл Бабырова. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Сонымен қатар кәсіпкер қанттың жеткілікті мөлшерде таратылмай отырғанын айтты.

"Қазір қантты 600 теңгеден алып, 680 теңгеге сатып отырмыз. Жеткізумен айналысатын фирмалардың өзінде шекер жоқ. Қантты үлкен супермаркеттерге ғана беріп отыр. Неге бұлай? Неге шағын дүкендерге қант берілмейді? Сондықтан біз қымбатынан алып, қымбатқа сатуға мәжбүрміз. Қазір тосап қайнататын уақыт бірақ ешкім шекер алып жатқан жоқ. Себебі, қымбат", - дейді Бибігүл Бабырова.

Сатушы Самал Нарбаева да қант тапшы екенін, тіпті бір айдан бері қант сатпағандарын айтады.

Самал Нарбаева
Сатушы Самал Нарбаева. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Қазіргі бағасын да білмейміз. Қымбатшылық қатты сезіледі. Нанның өзі қымбаттап жатыр. Қант іздеп сабылған адамдар бізге шағым айтады. Неге жергілікті билік шағын дүкендердің де қантпен қамтамасыз етілуін қадағаламайды", - дейді Самал Нарбаева.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз асырып жіберетін сауда объектілерін анықтау мақсатында шыққан мониторингтік топ үш дүкеннен ғана қант тапты. Бірақ шенділер қант қоры жеткілікті деуден танбады.

"Қант қоры бар. Соңғы төрт айдың ішінде қантты тұтыну 20 пайызға өскен. Халықтың арасында көптеп сатып алу жағдайы көбейді. Қоймада қант қоры жеткілікті", - дейді Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

Ақтөбе қаласында қазір 900-ге жуық ірілі-ұсақты азық-түлік дүкені бар. Оның 40-қа жуығы ірі супермаркеттер.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973046-kartop-bagasy-ali-tusken-zoq-aqtobede-kundelikti-tutynatyn-onimderdi-qaryzga-alusylar-kobeigen/

pixel