Солтүстік Қазақстан облысында жылқылар жаппай белгісіз дерт жұқтыруда

Опубликовано:

Үйір жылқы
Көрнекі фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында жылқылар белгісіз дертпен ауыруда. Мамандардың айтуынша, аурудың белгілері респираторлық вирусқа ұқсайды. Қазір ветеринарлар малдың ахуалын саралап, басы қасында жүр. Тіпті екпе жасауды қолға алған, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Жеті жылдан бері мал бағып жүрген Самархан Сәдуақасов мұндай дертті алғаш көріп отырғанын айтады. Екі ауылға тиесілі 400-ге жуық жылқыны бағады. Соның басым бөлігі белгісіз ауруға шалдыққан.  

"Жөтеліп жүргеніне бір аптадан асты. Маңқасы ағады, әлсіздік болады. Жылқы ширақ қимылдамайды, бәсеңдеп қалды. Тәбеті көрініп тұр", - дейді жылқышы Самархан Сәдуақасов.

Жылқылардан бұрын-соңды мұндай індет байқалмағанын мамандар да растап отыр. Ветеринарлар малға суық тиген кездегі ем-шараларды қолданумен шектелуде. Қан сынамасын алып, зертханаға жөнелткен.  

"Қазіргі кезде біз симптоматиялық ем жүргізіп жатырмыз. Ауырған жылқыларды бөліп, антибиотик, вирусқа қарсы және жалпы организмға резистентті көтеретін екпелерді жасап жатырмыз", - деді СҚО Ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Қазір жауапты тұлғалар әрбір басты тіркеп, олардың басқа табынға кетіп қалмауын бақылауға алған. Сондай-ақ жылқылардың сойылып, базарда сатылмауын да қадағалауда.  

"Біз баздарда малға екпе жасайтын арнайы қондырғыны орнатып жатырмыз. Бюджеттік қаражатқа сатып алынды. Ал екпені жұрт өздері сатып алып жатыр. Бүгінде 180 екпе бар, қалғаны жақын арада болады", - деді СҚО Есіл ауданы әкімінің орынбасары Александр Кравчук.

Мамандардың сөзінше, сараптама қорытындысы бір-екі аптаның шамасында дайын болады. Қауіпті індет анықталған жағдайда ауылды карантинге жабу мәселесі қаралуы мүмкін.

А. Құрманкин

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973055-soltustik-qazaqstan-oblysynda-zylqylar-belgisiz-dertke-saldyqty/

jitsu gif