Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"15 күнде үш баланы қағып кетті": Ұзынағаш тұрғындары ауыл кіреберісіндегі жолға "Сергек" қоюды талап етуде

Опубликовано:

Тұрғындар
Жанайқайын жеткізген тұрғындар. Видеодан кадр: КТК арнасы

Алматы облысы Ұзынағаш ауылының тұрғындары елдімекеннің шыға берісіндегі респбуликалық тасжол қауіпті жолға айналып, екі аптада үш бірдей баланы көлік қаққанын айтады. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт енді биліктен "Сергек" камерасын орнатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар тасжолда жол апаты жилеген соң жақында жаяу жүргіншілер жолағы сызылған.

Алайда жоғарғы жылдамдықпен жүйткіген жүргізушілерге бұл белгі кедергі болмай тұрған көрінеді. Себебі, таяуда осы жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда 13 жастағы баланы көлік қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жеткіншек қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

"Баламның көк бауырын алып тастады. Жеңіл палатаға шығара алмаймыз әлі. Осы жол әлі қаншама баланың өмірін ойрандайды. Жолға дұрыстап камера қою керек, жүргіншілерге арналған жол қою керек. Екі жыл бұрын әкімдікке талай айтқанбыз. Ақыр аяғы 15 күннің ішінде үш баланы қағып кетіп отыр", - дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Гүлзира Қанатбек.

Гүлзира Қанатбек
Баласын көлік қаққан Гүлзира Қанатбек. Видеодан кадр: КТК арнасы

Тасжолдың бойындағы 200-ге жуық үй Ұзынағаш ауылына кейіннен қосылған. Бұл тасжол арқылы республика бойынша ең ірі екі бірдей мал базарына да баруға болады.

Ұзынағаш ауылының тұрғыны Айбаршын Асанованың айтуынша, Жаңа жылда мал базардың жанында бір әйелді, кейін тағы бір орыс әйелді көлік қағып кеткен.

Тұрғындар жылдамдықты асыратын жүргізушілерге тұсау салудың жалғыз жолы – "Сергек" камерасын орнату деп отыр.

"Бізге "Сергек" камерасын қойып берсін. Ұстап алып, айыппұл салсын. МАИ осы жолды қадағаласын. Қатты жүреді. Қатты жүргенде ұшып бара жатқан қарғаны да, қағып өлтіреді. Итті, мысықты, малды да қағып өлтіріп жатыр", - дейді Айбаршын Асанова.

Тұрғындардың жанайқайына қатысты пікір білдірген "Қазавтожол" өкілдері жаяу жүргіншілер жолағы мен жол жүру белгілерін көбейтетінін айтады.

"Ұзынағаш автожолына кірме жол. Ұзындығы алты шақырым. Жаяу жүргіншілер жолының біріншісін орнаттық. Енді тағы екі жерге орнатамыз. Бір жетінің көлемінде орнатамыз. Жол белгілеріне тапсырыс берілді. Камера тұрғысынан біз жауап бермейміз", - дейді "Қазавтожол" ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалының бас инженері Ермек Ихиев.

Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар тасжол
Ұзынағаш ауылының шыға берісіндегі республикалық маңызы бар тасжол. Видеодан кадр: КТК арнасы

Ал ауыл округінің әкімі "қауіпті жолға камера қою қажет деген ұсыныс" құзырлы органдарға жолданғанын жеткізді. 

"Осы мәселеден хабарымыз бар. Соңғы жол апаты бойынша сараптама жүргізілді. Ұзынағаш ауыл округі бойынша түгелдей камерамен қамту үшін бюджетке қатысты өтініш білдірдік. Мәслихат сессиясымен қаражат бөлінгеннен кейін бәріне орнатылады", - дейді Ұзынағаш ауылы округінің әкімі Бақыт Бейсенбаев.

Алайда қазынадан қаражат қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бейнебақылау камерасын орнату мәселесін жеделдетуді талап етуде.

Дереккөз КТК арнасы:

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973076-15-kunde-us-balany-qagyp-ketti-uzynagas-turgyndary-auyl-kireberisindegi-zolga-sergek-qoyudy-talap-etude/

pixel