Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстаннан бір күн кетсем, сағынамын": Қазақ еліне тәнті болған ағылшын азаматы өз кітабының кейіпкеріне қазақша есім берді

Жарияланған күні:

Кристофер Трикет
Кристофер Трикет. Фото: NUR.KZ

Қазақстанға жұмыс істеуге келіп, бірінші кезекте қазақ тілін үйренуді жөн санаған ағылшын азаматы Кристофер Трикеттің елімізде тұрып жатқанына 14 жылдың жүзі болды. Қазақстанды әлемдегі ең керемет елдердің бірі санайтын ол, тіпті өзі жазған кітаптың кейіпкеріне қазақша есім таңдаған екен. Кристофер KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, елімізге деген ерекше сүйіспеншілігінің сырын бөлісті.

Домбыраның құлағында ойнап, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын ағылшын азаматына көпшіліктің назары 2016 жылы ауған еді. Алты мемлекетте болып, ақыры Қазақстанда тұруды жөн санаған Кристофер, сол кезде отыз шақты күй, он шақты тіл білетінін, десе де, қазақ тіліне, Қазақстанға деген ықыласы ерекше екенін айтқан болатын.

KAZ.NUR.KZ тілшісі Кристофердің өмірі қаншалықты өзгергенін білу үшін онымен сұхбаттасуды жөн көрді.

Қазақстаннан бір күн шалғай кетсем, сағынамын

— Кристофер, Қазақстанда жылдар бойы қалуыңызға не себеп?

— Алматыда тұрып жатқаныма 14 жыл болды. Бастапқыда он айға ғана жұмысқа келемін деп ойлаған едім. Жұмыс бойынша келісімшарт айдан айға созылғасын, ұзақ жыл осында тұруға бел будым. Мұнда өмір бойы тұра аламын ба, ол жағын білмедім. Десе де, Қазақстаннан кету туралы ойлаудың өзі маған қиын. Тіпті бір күн шалғайда жүрсем, сағынып қайта оралғым келеді.

— Домбырада бүгінде неше күй шерте аласыз, тіл үйрену жағынан қаншалықты ілгеріледіңіз?

— Бүгінде қазақ тілінен бөлек, орыс тілін де меңгеріп алдым. Алайда, өкінішке қарай домбырада бұрынғыдай жақсы ойнап жүрген жоқпын. Домбырада ойнағанды жүрегім қалағанымен, дарын қажет. Отыз күйді үйрену үшін көп еңбектенуіме тура келді. Қазір бұрынғыша күй үйренгенге күніне төрт сағаттан жұмсайтындай мүмкіндігім жоқ. Десе де, теледидарда тікелей эфирде күй тартып, концерт, фестивальдарда өнер көрсету құрметіне ие болғанымды мақтан тұтамын. Сол жерде танысып, достасқан адамдармен әлі де араласып тұрамыз. Күй шертуді болашақта қайта қолға алмақпын. Ал, әзірге мен бар күш-жігерімді "Айбаттың басынан өткерген шытырман оқиғалары" атты кітап жазуға жұмсап жатырмын.

Кристофер Трикет
Кристофер Трикет. Фото: жеке мұрағат

Айбат есімін таңдауыма екі себеп бар

— Кітап кейіпкерінің есімін Айбат деп қоюыңызға не түрткі болды?

— Қазақстан теледидарында қысқа уақыт қызмет еткеннен бөлек, мен осы елде ұдайы ұстаздық етіп келемін. Балалар мен студенттердің тіл үйренуге деген құштарлығын түсінетіндіктен, осы кітапты алдымен балаларға жазуды ұйғардым. Ересектер де кітабымды оқып, жақсы баға беріп жатыр. Түрлі елдердегі таныстарым кітап кейіпкеріне не себепті қазақ есімі берілгеніне қызығушылық танытып жатқан жайы бар. Мен оларға әдетте себебін кітапты оқығанда түсінесіңдер деп жауап беремін.

Дәл Айбат есімін таңдауыма екі себеп бар. Біріншісі, мен әзірге бірде бір Айбат есімді азаматты жолықтырған емеспін. Нағыз қазақ есімі болғанына қарамастан, сирек кездесетін есім деген ойдамын, бәлкім қателесетін де шығармын. Одан бұрын Алмас, Азамат, Бауыржан, Әділ есімдерін де қойғым келген, алайда осы есімдермен таныстарым, достарым, оқушыларым бар. Кітапта солар жайлы жазылғандай әсер қалғанын қаламадым. Екіншіден, кітапта айпад туралы оқиға баяндалған, Айбат есімі айпадпен жақсы ұйқасады.

Кристофер Трикет
Кристофер Трикет. Фото: NUR.KZ

Әлемдегі ең керемет ел

— Кітап кіріспесін "Бұл кітап әлемдегі ең керемет елдің болашағы болып табылатын қазақстандық балаларға арналған" деген сөздермен бастаған екенсіз. Олай жазуыңыздың себебі неде?

— Cебебі, Қазақстанда әдемі қалалар көп, табиғаты, тарихы мен мәдениеті таңғаларлық. Бұл елде қай жерге барсаң да алдыңнан тамаша адамдар жолығады.

— Қазақстанда кітап жазып шығу сізге қиынға соқпады ма?

— Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда жақсы адамдар, жанға жайлы мекендер өте көп, соның арқасында кітап жазу мен үшін айтарлықтай қиынға соқпады. Джоан Роулинг "Гарри Поттерді" кафеде жазып шыққан екен. Мен де Айбаттың басынан өткерген шытырман оқиғаларды Алматыдағы сүйікті кафелердің бірінде жазып шықтым.

Ал кітаптағы кейіпкерлердің суретін салуға шәкірттерімнің бірі – Аружан Мұратбекова қол ұшын созды.

Оның сурет салуды ұнататынын әрі өте дардынды қыз екенін білемін. Ол кітабымды оқып шығып, кейіпкерлерді оқырман ретінде елестете отырып, суретін салып берді. Нәтижесі керемет, кітапты оқып үлгерген жандар суреттердің өте әдемі шыққанын айтуда. Өзім суретке мүлде жоқпын. Болашақта тағы да кітап жазатын болсам бірінші кезекте Аружанға жүгінерім анық.

Кристофер
Кристофер шәкірті Аружанмен бірге: NUR.KZ

Бүгінде кітаптың баспада шығарылуына қатысты шешімді күтіп отырмыз. Баспамен келісімге келе алмасақ, өзге баспаларда жариялау мәселесін қарастыратын боламын.

Қалай болғанымен, кітабымның тиражы көп болып, ел ықыласына бөленеді деген үміттемін.

Мен Қазақстанда 14 жылдың ішінде мыңдаған адамға ағылшын тілін үйреттім. Алайда әлі де мыңдаған адамға тілді меңгеруде қол ұшын созғым келеді. Бұл кітаптарды жазуды қолға алуымның себебі де осы еді.

Кітап үш томнан құралатын болады, алғашқы томы толықтай дайын, тек шығаруға дайын баспаны табу ғана қалды, екінші томды да жазып қойдым, бүгінде оның суреттері әзірленіп жатыр, үшіншісі жартылай дайын. Егер кітабым оқырмандардың көңілінен шықса, оны да жазып аяқтаймын. Алғашқы том ағылшын тілінен бастпақы деңгейді алғандарға арналған, екінші том Pre-Intermediate деңгейіндегілер үшін жазылды, ал үшінші том одан жоғары деңгейде ағылшын тілін білетіндерге арналмақ.

Жаңа сөздердің тізімін жасап, оны дауыстап оқып шығыңыз

— Он шақты тіл білетін маман әрі білікті ұстаз ретінде ағылшын тілін не өзге тілді үйренгісі келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?

— Ағылшын тілін үйренудің ең тиімді жолы — Англияда тұру.

  • Екінші тиімді жол — көп оқу. Осы орайда менің кітабым қазақстандық балаларға (әрі ересектерге) арнайы жазылған ағылшын тіліндегі алғашқы кітап екенін айта кеткім келеді. Кітапты оқу үшін ағылшыннан деңгейің жоғары болуы міндетті емес. Қиын сөздер кітапта бар болғанымен, айтарлықтай көп емес және оқырмандар сөздіктің көмегімен сөйлемді түсіне алатын болады. "Айбаттың басынан өткерген шытырман оқиғалары" кітабы жастарға ағылшын тілін жетілдіруге көмекші болмақ. Бүгінде жақсы жұмысқа орналасу үшін кейде ағылшыншаны жетік меңгеру маңызды екені құпия емес. Қазақстанда ағылшын тілінің стандарттары өте жоғары, осы орайда кітабым бұл стандарттарға жету үшін талай адамға септік болады деген сенімдемін.
  • Сөздік қорды көбейту үшін жаңа сөздердің тізімін жасап, оны дауыстап оқып шығыңыз. Оқығаныңызды диктофонға жазып алып, қайта тыңдап, естіген сөздеріңізді таза параққа қайта жазыңыз.
  • Тіпті ағылшын тілін енді үйреніп жүрген достарыңызбен ағылшынша сөйлесіп жаттығуға болады, кез келген жаттығудың өз жемісі бар.
  • Телефоныңызға тіл үйрететін қосымшалар жүктеп, қолданып көріңіз. Түрлі қосымшалардың әйтеуір біреуі сізге ыңғайлы әрі пайдалы болуы мүмкін.
  • Жаңа сөздерді жиі қолдануға тырысу керек - жаңа сөздерден сөйлем, әңгіме құрастырып, жазып көруге болады. Сөздерді қолдануды доғарсаңыз, ұмытылып қалуы ғажап емес.
  • Ағылшын тілінде әндерді тыңдаудың да пайдасы бар. Тыңдап қана қоймай, әннің мәтінін жүктеп алып, бірге ән айтуға болады. Әндердегі сөз құрылымы мінсіз емес екенін ұмытпаған жөн. Десе де бұл тілді жаттықтырудың жақсы құралы.
  • Ағылшынша фильмдер тамашалауға болады. Тек орысша/қазақша фильмді ағылшын тіліндегі субтитрлермен қараудың орнына, керісінше ағылшын тілінде орысша субтитрлермен қараған дұрыс.

— Cұхбатыңызға рахмет, кітабыңыз өз оқырманын табуына тілектеспіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973119-qazaqstannan-bir-kun-ketsem-sagynamyn-qazaq-eline-tanti-bolgan-agylsyn-azamaty-oz-kitabynyn-keiipkerine-qazaqsa-esim-berdi/