Алматы облысында қанттың келісі 920 теңгеден сатылған

Опубликовано:

қант
Видеодан кадр: instagram.com/kaskelenkz

Әлеуметтік желіде Алматы облысының Жамбыл ауылында бір келі қанттың 920 теңгеден сатылып жатқаны туралы хабарлама пайда болды. Бұған қатысты Қарасай ауданының кәсіпкерлік бөлімі пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде жарияланған фотодан қанттың бағасын көруге болады.

"Жамбыл ауылында қанттың келісі 920 теңгеден сатылады, бұл Қарасай ауданы", - делінген хабарламада.

Фото желіде пайда болған соң Жамбыл ауылдық округі әкімі қоластындағы қызметкерлерімен тексеру жұмыстарын жүргізген.

Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәліметінше, аталған факті жергілікті дүкендердің бірінде болған.

"Дүкеннің сатушысымен әңгімелесу барысында "DairyFood TC" ЖШС өндірушісінен бес келілік "Арман" қант қапшығының сатып алынғаны белгілі болды. Оның бағасы 4250 теңге. 1 келіні 850 теңгеден алып, одан әрі орау жұмыстарын жүргізіп, қанттың келісін 920 теңгеден сатылымға шығарған.

Қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша Алматы облысы тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хат дайындалып жатыр", - деп түсіндірді ведомство.

Әкімдік ауданда күн сайын азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне баға мониторингі жүргізілетінін жеткізді. Бүгінгі таңда қанттың ең төменгі бағасы 430 теңге, ал нарықтағы бағасы 640 теңгені құрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973297-almaty-oblysynda-qanttyn-kelisi-920-tengeden-satylgan/

jitsu gif