Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте облыстық мәслихаттың депутаты кенеттен қайтыс болды

Опубликовано:

Шымкентте мәслихат депутаты қайтыс болды
Өмірзақ Мелдеханов.Фото: facebook/talgat.baltabai

Шымкентте Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов кенеттен көз жұмды. Бұл туралы халық қалаулысының жақындары хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Қазақстан-Шымкент" арнасының мәліметінше, депутат Шымкенттегі дендросаябақта серуендеп жүргенде жүрегі ұстап, қайтыс болған.

Өмірзақ Мелдеханов 1953 жылы Мақтаарал ауданына қарасты Жаңажол кеңшарында дүниеге келген. Түрлі қызметте болған азамат ұзақ жылдар бойы "Аманат" партиясының Шымкент қалалық филиалын басқарған.

Өмірінің соңғы жылдарында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты міндетін атқарып, Шымкент қаласының "Құрметті азаматы" атанады.

Сондай-ақ, Мелдеханов облыстық самбо мен қазақша күрес федерациясының және Азия самбо федерациясының вице-президенті қызметін атқарды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Өмірзақ Мелдехановтың қазасын ауыр қабылдағанын айтып, жазба қалдырды.

"Шымқаладан суық хабар жетті! Өмірзақ Мелдеханов ағамыз өмірден өтіпті. Өмірзақ Мелдеханов десе, елдің көз алдына ақиқат үшін алысқан айбынды күрескер келеді.

Атышулы тоқсаныншы жылдарғы топалаңда шындық үшін күресте тайсалмай, топ жарып жүрді. Арыстандай ақырып, теңдік сұраған айбарлы ер еді… Өмірзақ көкеміз өмір дегеннің өткінші, бір дем ары, бір дем бері, дүние жалған екенін көрсетіп кетті. Әйтпесе, үнемі спорттық бабында жүретін, денсаулығына қатты көңіл бөлетін жан еді…

Бірақ Алла үкіміне амал жоқ қой! Шымкенттегі саябақта жүргенде аяқ астынан жүріп кеткен... Қайсар қайраткер, салмақты саясаткер, табанды күрескер еді… Дүрбелеңі көп дүниеде дүбірі қатты дүлдүл еді… Қарағайға қарсы біткен бұтақ еді, қайыспай кетті… Ақиқат үшін айқасумен өткен асау жүрек аяқ астынан тоқтап қалды!.. Ардақты ағамыз атпал азамат, қайратты қоғам қайраткері еді", - деп жазды Қазыбек Иса.

Марқұмның артында отбасы мен балалары, немерелері қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973667-turkistanda-oblystyq-maslixat-deputaty-kenetten-qaitys-boldy/

pixel