Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бекер болған жоқ": 12 жылдан бері арбаға таңылып отырған шымкенттік жас жігіт өмірден түйгенін айтты

Опубликовано:

Шалқар Қуанышбаев
Видеодан кадр: Youtube/Nurmakhan Mukanuly

Шымкенттік Шалқар Қуанышбаевты желі қолданушылары SMM-маманы, копирайтер ретінде таниды. Мектеп бітірген жылы кездейсоқ жағдайда мертігіп, содан бері арбаға таңылған жігіт Нұрмахан Мұқанұлының подкастында мүгедектігі бар ерекше жандардың өмірі туралы айтып берді.

Шалқар Қуанышбаев 1992 жылы Шымкентте дүниеге келген. Оқуда озат болған. 2010 жылы шымкенттік қазақ-түрік лицейін бітіре сала, еліміздегі ең үздік екі университеттің грантын ұтып алған. Бірақ тағдырдың жазуымен Шалқардың өмірі күрт өзгерген. Подкастта Шалқар осы күйге қалай түскенін баяндап берді.

"Оқу аяқталып, емтихандардың бәрін тапсырып, тамыз айында бассейнге шомылуға бардық. Суы саяз, кеудеден келеді екен. Соны мен біліп тұрдым, бірақ қолымды тірей саламын, сальто айналамын дедім бе, былайша айтқанда сол мезетте миым істемей қалды. Суға сүңгідім, қарасам, басым жерге тиген. Бірақ қатты ауырған жоқ. Дыңылдап кетті. Есімді біліп тұрдым. Алайда жүзіп шығайын десем, шыға алмадым. Ана жерде бәлкім ешкім болмағанда сол күйі су түбінде қалып қоятын едім. Шомылуға келген адамдар шығарып алды. Басым жарылған екен", - дейді өткен шағы жайлы ол.

Бастапқыда Шалқар аяқ-қолы істемей қалу себебін өзінің шок күйімен байланыстырыпты. Сөйтіп оны ауруханаға жан сақтау бөліміне жатқызған.

"Не үшін жан сақтау бөлімінде жатқанымды түсінбедім, есімді білемін ғой, аяқ-қолым жай ғана істемей қалды, деп ойладым. Сөйтсем жағдай қиындау екен. Оны дәрігерлер де айтпапты, ата-анам да түңілмесін деп менен жасырған. Алғашқы жылдары мен оқуымды жалғастырамын деп ойладым. Бұлай ұзаққа барады деп ойлаған жоқпын. Кейін бұл нәрсе ұзақ емді талап ететінін түсіндім", - дейді ол.

Емнің ұзаққа созылатынын білгеннен кейін Шалқар депрессиялық күйге түскенін айтады.

"Өте ауыр болды, депрессия бірнеше жылға созылды. Қабылдамайсың бұл жағдайды. Қалайша? Мен оқуым керек еді ғой?! Жоспарларым бар еді ғой, дейсің. Ал Алла тағаланың жоспары басқа екен, соны түсіндік. "Неге мен?" деп өзіңді басқа жолдастарыңмен салыстырасың. Қай күнәм үшін осындай жазаға тартылдым, деп өзіңді кінәлайсың. Қазір Аллаға шүкір, барлығын қабылдадым. Бекер болған жоқ. Бұдан сабақ алу керек екенін түсіндім. Қалай мен өзімді қабылдадым, содан бастап прогрессия болды, бірінші іштей, сосын айналамның маған көзқарасы өзгере бастады", - дейді ерекше жан.

Шалқар өзі секілді осындай жағдайға тап болған кей жандардың өз күйін қабылдай алмай, оған қарсылық танытатынын байқаған. Осы ретте ол өзінің өмірден түйген ойын жеткізді.

"Ол - Алла тағаланың жазған тағдырына қарсы шығу. Тіпті дені сау адамдар, мысалы кейбір бойы қысқа қыздар өз-өзінен қысылуы мүмкін. Ол жерде таңдау еркі болмады ғой, Алла солай таңдады. Кейбірі әке шешесіне наразы болуы мүмкін. Мен тіпті кей жастардың қазақ болып туғанына қабылдамайтынын байқадым. Неге мен шейхтің баласы боп тумадым, Германия, Еуропада туғанымда деп ойлайтындар бар. Бұл да - Алланың таңдауына, тағдырына разы болмау. Ондай адам оңбайды. Алла тағала қандай түр берді, кандай отбасы берді соны қабылдау керек, сонда ашыласың, жүрегің ашылады. Жан-жағыңа деген, отбасыңа деген махаббат пайда болады, және ол айналаңа сезіледі", - дейді Шалқар.

Сонымен қатар, Шалқар өзі сияқты ерекше жандардың не сезінетінін сөз етті.

"Алматыға соңғы бір жылда үш рет келіп кеттім, әлі бір мүгедектігі бар жанды көрген жоқпын. Негізі Алматыда 100 мыңнан аса мүгедектігі бар жан тұрады. Алматыда біз сияқты ерекше жандарға жағдай жасалмаған десем өтірік боп кетеді. Мен пандуспен жүріп жүрмін, жағдай жасалған. Көктебеге көтерілу тегін. Шымбұлаққа бару тегін. Шымкентпен салыстырғанда өте жақсы жасалған. Алматыда тұратын болсам үйде жатпайтын едім. Бірақ мүгедектігі бар жандар артық назардан қорқады. Бір ерекше адам көшеде кетіп бара жатса, соған барлығымыз қарап қалсақ, ендігіде ол жермен жүрмей қояды", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973689-beker-bolgan-zoq-12-zyldan-beri-arbaga-tanylyp-otyrgan-symkenttik-zas-zigit-omirden-tuigenin-aitty/

pixel