Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ажырасқан соң ортақ баспанасын қиратты деген атыраулық азаматтың әйелі жанайқайын жеткізді (фото)

Опубликовано:

Атыраулық ер адам өз үйін бұзып тастады
Бұзылған үй: Facebook/Диас Нұрақын

Әйелімен ажырасқан соң ортақ баспанасын қиратып тастады деген атыраулық ер адамның әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік тұрғынның бұл қадамын сынға алуда. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі ажырасқан ер адамның бұрынғы әйелі Айнұр Қанатовадан сұхбат алып, мәселенің мән-жайына үңілді.

"Күйеуім өзімнен 18 жас үлкен"

Айнұр Қанатова үш бала тәрбиелеп отырған қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің бірі. Ол 2013 жылы өзінен 18 жас үлкен азаматқа тұрмысқа шығып, екі ұлды дүниеге әкеледі.

"Мен бұрын да тұрмыста болғанмын. Бірінші күйеуіммен бір жыл тұрған соң, дәм-тұзымыз жараспай, ажырасып кеттік. Алғашқы некемнен бір ұлым бар, қазір 16-ға келді. Кейін болашақ күйеуіммен таныстым. Өзімнен 18 жас үлкен болса да, мені сүйетініне көзім жеткен соң, үйлену туралы ұсынысын қабылдадым. Ол анамның алдынан өтіп, сырға салып, құдалығын жасап, мені ұзатып алды. Бірінші некедегі ұлыма өз тегін беретінін, өз баласындай тәрбиелейтінін айтып, ант-су ішкен соң, оған сендім. Екеуіміз заңды түрде некелесіп, тағы екі ұлды өмірге әкелдім. Үйленген соң үлкен үйлі, көлікті болып, ел қатарлы өмір сүріп жатқанбыз. Бірақ кейінгі кезде шаңырағымыз шайқала бастады", - дейді Айнұр.

Отбасындағы келеңсіздіктер мен түсініспеушілік салдарынан Айнұр күйеуімен ажырасуға бел буады.

"Күйеуім әпкесінің қасына жұмысқа тұрғаннан кейін өзгере бастады. Әсіресе, үшінші ұлым туылған соң бұрынғы қалпын жоғалтқандай болды. Тұңғыш ұлымды шеттетіп, одан әр нәрсені, тіпті тамақты қызғанатынды шығарды. Балалардың арасына сына қағып, бір-біріне қарсы қойып жүрді. Маған бірінші некедегі ұлымды балағаттап, түрлі аудиожазбалар жіберді. Оның не кінәсі бар еді? Мұның бәрі менің жүрегіме ауыр тиді. Қаладағы ірі дүкендердің біріне жұмысқа тұрған соң, басқа әйелмен әңгімесі жарасқанын да естігенмін. Ажырасуға арыз бердім.

Алайда судья мені ойландырып тастады. Үш баланың өмірі әрі қарай не болатынын айтқан соң, ұлдарым әкесінен ажырамасын деген ой келді. Күйеуім бізді қуып жіберген болатын, қайтадан барып, балалар үшін бірге тұру керектігін айттым. Үлкен ұлым да маған қолдау көрсетіп, әкенің жоқтығы өзіне ауыр тигенін, қалған екі інісі мұндайды көрмегенін қалайтынын жеткізді. Бұл мені одан әрі ойландырып, күйеуімнің алдына бардым. Бірақ ол да, қайын әпкем мен қайын сіңлім де мені тыңдағысы келген жоқ. Бізде ажырасудан басқа амал қалмады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы күйеуім өз балаларынан қашып отыр", - дейді ол.

"Соттың сөзіне құлақ аспайды"

Айнұр Қанатова күйеуімен ажырасқан соң, екеуінің ортақ некеде салынған үйінде үлесі барын жеткізген. Содан соң сот арнайы шешім шығарады. Келіншектің айтуынша, бұрынғы күйеуі үйді балаларына бермеу үшін оны қиратып, бұзып тастайды.

"Соттың шешімі бойынша, менің ортақ некеде салынған үйімізге қайта баруыма толық құқығым бар. Сот үкімі солай шықты. Балалармен бірге сол үйде тұруым керек еді. Бірақ бұрынғы күйеуім үйді тас-талқан етіп қиратып тастады. Бір күні үйге барсам, төрт өзбек азаматы үйді бұзып жатыр екен. Шатырын, есік-терезесін қайтадан пайдалану үшін еппен шығарып алған. Тіпті, үй ішіндегі пайдаға асатын құрылыс материалдарын өзіне алып қалған. Ал кейін қабырлағаларды қиратып тастапты. Мені балаларыммен үйге кіргізбеу үшін істеген амалы осы. Сонда соттың үкімі қайда қалды? Сот үкімін орындамайтын, заңға бағынбайтын қандай адам ол? Қаншама құзырлы органға арызданып, өзіме тиесілі мүлікті қайтаруды сұрадым. Еш жерден жауап жоқ, ал заңды белшесінен басқан адам алаңсыз жүр. Осы дұрыс па? Егер бұл үйді маған үйленгенге дейін салып алса, сөзім жоқ. Бұл үйді біз бірге тұрғанда алдық. Неке кезінде алынған екі көлікті де сатып жіберген. Заң бойынша, ортақ некедегі дүние-мүлік ерлі-зайыптыларға тең бөлінеді. Ал үйді қиратып тастауға қалай қолы барғанын білмеймін. Ол үйін балаларынан қызғанып, қиратып отыр", - дейді Айнұр.

Келіншектің айтуынша, 2021 жылғы 9 ақпанда күйеуі мен қайын інісі, сондай-ақ қайын әпкесі мен қайын сіңлісі оған жабылып, телефонын тартып алмақ болған.

"Бұрынғы күйеуімнің құзырлы органда таныстары бар. Туған қайын інім де органда істеген адам. Былтырғы 9 ақпанда менің телефонымды алу үшін балаларымның көзінше жабылып, соққыға жықты. Ұялы телефонымда күйеуімнің маған қоқан-лоққы көрсеткен аудиожазбалары бар еді. Соны өшіру үшін маған төртеуі жабылды. Аулада болған осы бір көріністен соң балаларым қатты шок алды. "Анамды өлтіреді", - деп ұлдарымның шырқырай жылаған дауысы әлі құлағымда. Дереу полицияға арыз жаздым, бірақ олар азғантай айыппұлмен құтылып кетті. Ал екі қолымды басып отырған қайын әпкем мен қайын сіңліме қатысты полиция ештеңе істей алған жоқ. Бұл біздің қоғамда әлсіздің үні шықпайтынын, бақуаттылар бәрін таныспен шешетінін көрсетіп отыр", - дейді ол.

"Маған әділ шешім керек"

Бүгінде Айнұр Қанатованың бір ғана талабы бар. Ол ортақ некеде салынған үйді бұзып тастаған бұрынғы күйеуінің әділ жазаланғанын қалайды.

"Сот шешімін аяқасты еткен адам алаңсыз жүрмеуі керек. Менің ақшам жоқ, менің құзырлы органдарда танысым жоқ. Менің бар байлығым – үш балам ғана. Солардың болашағы үшін еңбектенемін. Осы мәселені қолға алуды сұрап, қанша жерге хат жаздым. Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға да жанайқайымды айттым. Әзірге нәтиже жоқ. Бұл бассыздықты тоқтатуға көмектесіңіздерші", - дейді ол.

Осы орайда, KAZ.NUR.KZ тілшісі Атырау қаласы полиция департаментінің пікірін сұрады.

"Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 389-бабы 1 бөлігімен, яғни, "өзінше билік ету" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - делінген полиция жауабында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973778-uiimizdi-baladan-qyzganyp-qiratyp-tastady-azyrasqan-son-uiin-buzyp-tastagan-atyraulyq-azamattyn-buryngy-aieli-oz-syndygyn-aitty-foto/

pixel