Нұр-Сұлтанда 64 адам тамақтан уланып, 52-сі ауруханаға жатқызылды
Жарияланған күні:
Елордада тамақтан жаппай улану фактісі тіркелді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, 9 және 10 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармаларына қаланың емдеу ұйымдарынан тағамнан улану фактісі тіркелгені туралы хабарлама келіп түскен.
Барлық науқастар өз ауруларын елорданың қоғамдық тамақтану орындарының бірінде тамақ өнімдерін тұтынумен байланыстырған.
"Бүгінгі таңда 64 науқас медициналық көмекке жүгінді, оның 52-сі ауруханаға жатқызылды, 12-сі амбулаториялық ем алуда", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Сонымен қатар департамент жаппай тамақтан улану фактісін тіркеу үшін Байқоңыр ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Байқоңыр ауданының полиция басқармасына хабарлама жібергенін атап өтті.
Келіп түскен ақпарат негізінде полиция басқармасы бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
2022 жылғы 10 маусымда қылмыстық іс аясында қоғамдық тамақтану объектісін жоспардан тыс тексеру басталған.
Тексеріс барысында келесі бұзушылықтар анықталған:
- нысанның мәлімделген жобалық қуатының нақты сәйкес келмеуі;
- бүкіл технологиялық процесс ас үйдің бір бөлмесінде жүргізіледі, цехты бөлу (учаскелерге бөлу) қарастырылмаған;
- технологиялық процестердің ағымы, таңбалауға қойылатын талаптар сақталмайды;
- дайын тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын сақтау кезінде бөлшектеу мүкәммалын пайдалану және сақтау тауарлық көршілестік қағидаты сақталмайды;
- қызметкерлерді іріңді және жұқпалы аурулардың бар-жоғын тексеру журналы және т. б. жүргізілмейді.
Одан бөлек тексеріс барысында зертханалық зерттеулерге шайындылар, шикізат пен дайын өнімнің сынамалары алынған. Патогендік микрофлораның тасымалдануы бойынша кәсіпорынның 15 қызметкері тексерілген. Тексерістің қортындысы жақында шықпақ.
Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жоспардан тыс тексеру жұмыстары және эпидемияға қарсы іс-шаралар әлі жалғастып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ведомство тамақтан улану және жұқпалы емес ауруларды болдырмау үшін азық-түлік өнімдері мен жарнамалық буклеттер бойынша дайын тағамдарды сатып алу кезінде аса сақ болу қажеттігін еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1973892-nur-sultanda-64-adam-tamaqtan-ulanyp-52-si-auruxanaga-zatqyzyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.