Қарағандыда жастарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды
Жарияланған күні:
Қарағанды жастарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы "Отбасы банк" Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Жаңа жоба қарағандылық мұғалімдерге, дәрігерлерге, мейірбикелерге, мәдениет қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушыларына, ғылыми және әлеуметтік сала қызметкерлеріне жеке баспана алу үшін жеңілдетілген заем алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама талабы бойынша үміткердің жасы 35-тен аспауы керек.
Бағдарламаға қатысушылардың таңдаған саладағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде бір жылдан кем болмауы тиіс. Табысы да есепке алынады. Ол отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (1 КМ – 37 389 теңге).
Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік болмауы шарт.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш қабылдау кеше, 13 маусымда басталды. Ол 24 маусым күні сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Өтінім беру үшін үміткерлер Назарбаев даңғылы 39, "Open Qarağandy" кеңсесі мекенжайына барып кеңес алуы қажет.
Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін мемлекет және қоғам өкілдері мен депутаттардан құралған комиссия мүшелері қатысушыларды іріктеп, тізімді "Отбасы банкіне" жолдайды. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексертіп, нарықтан пәтер табуы қажет.
"Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан алғашқы немесе екінші нарықтан және "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігімен салынып жатқан қала нысандарынан сатып алуға болады. Тұрғын үй сатып алуға "Отбасы банк" 20 млн теңгеге дейін заем береді (егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады). Бастапқы жарна – 10 пайыз, несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз (ЖТСМ 5,2 пайыз). Несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін", - делінген банк хабарламасында.
Банктің мәліметінше, бүгінде Қарағанды облысының әрбір оныншы тұрғынының "Отбасы банкінде" депозиті бар. Салымшылар саны бойынша өңір Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе облыстарынан кейін төртінші орында тұр.
Қалада жастарға арналған жаңа бағдарламамен қатар банктің жеке бағдарламалары, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974001-qaragandyda-zastarga-arnalgan-zana-turgyn-ui-bagdarlamasy-iske-qosyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.