Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Иесін тапқанша итті жоймайды": Балалар жылы итке таланған жеткіншектер мәселесі қалай шешілмек

Опубликовано:

қаңғыбас иттер
Көрнекі фото: pixabay.com

Биыл балалардың қаңғыбас иттерден зардап шегу жағдайы жиілеп, тіпті Ақтөбеде бір жасөспірімнің өлім құшқаны белгілі. "Балалар жылында" мұндай оқиғалардың көбеюі нені білдіреді? KAZ.NUR.KZ тілшісі жыл басынан бері елімізде балалардың қатысуымен болған оқыс жағдайларды шолып шықты.

Өткен аптада Ақтөбеде болған жантүршігерлік жағдай бүкіл елді дүр сілкіндірді. Ақтөбедегі құрылыс нысанының маңынан 6 сынып оқушысының денесі табылды. Туыстары баланы ит талап өлтірді дегенді алға тартып отыр. Марқұм болған 12 жастағы оқушының туыстары қайғылы жағдайдың болғанын түнгі сағат 3-те ғана білген. Туыстарының сөзінше, оқушы әдеттегідей кешкілік ойынға шыққан.

Ақтөбедегі Есет батыр шағын ауданында болған бұл бірінші жағдай емес. Осыған дейін 13 жасар қызды бұралқы иттер талап тастаған. Оқушының басынан бастап, қол-аяғы мен денесінің ит тістемеген жері қалмаған. Оны тұрғындардың бірі арашалап қалыпты. Иесіз иттер оқушыға мектептен қайтар жолда шабуыл жасаған. Куәгерлер сол жерде 15 шақты қаңғыған ит жүретінін айтады.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, облыс бойынша сәуір-мамыр айларында ғана ауруханаға ит талаған 101 бала келіп түскен.

Сондай-ақ сәуірде Алматы облысы Жамбыл ауданында да осындай жағдай тіркелді. Ақсеңгір ауылының 9 жасар тұрғынын қаңғыбас ит талап тастады. Бала түрлі жарақатпен Алматы қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілді. Оқиға 22 сәуір күні кешкі сағат 19:00-де болған. Баланың анасының сөзінше, 9 жастағы ұлы далада жүрген бірнеше иттен 3-4 жастағы қарындастарын қорғамақ болыпты.

Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында да 7 жасар қызды көршісінің алабайы талап тастаған. Қыздың әкесінің айтуынша, 5 маусым күні кешкі алты мен сегіз шамасында екі қызды көршісінің екі иті талаған. Көршісі итке тамақ берген соң, қақпаны ішінен ілмеген, иттер аулада бос жүрген. Оқиға жеті жастағы қыздың сіңілісінің көзінше болған.

Мұндай жантүршігерлік жағдай жыл сайын қайталануда.

Еске салсақ, былтыр жыл соңында Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылында да 7 жасар қыз баланы ит талап өлтірген еді. Бұл жайт 17 желтоқсанда болған. Иесіз ит үй маңында ойнап жүрген қаршадай қызға тап берген.

Айта кету керек, бұл мәселе көктемде мәжілісте өткен үкімет сағатында сөз болды. Депутат Әлия Әбсеметова ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеевке қаңғыбас иттер туралы сауал жолдаған.

"Заң бойынша иесіз иттерді бірден жоюға болмайды, өйткені куәландыру керек, оған екі аптадай уақыт кетеді. Ал ауылды жерлерде иттің иесін тапқанша итті ұстап отыратын жануарларға арналған орын жоқ. Бұған қоса ветеринарлық қызметкерлер саны қысқартылып, олар тікелей облысқа бағынышты болып отыр. Осыған орай сұрағым - ауылды жерлерде қаңғыбас иттер мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырсыздар?", - деп сұрақ қойды ол министрге.

Қарашүкеев бұл мәселені бәсекелі ортаның (жеке кәсіпкерлердің - ред.) қарамағына өткізу туралы ойын айтты.

"Негізі жергілікті әкімдіктердің бюджеттеріне ақша салатын болсақ, ауылдық жерлерде кәсіпкерлерге де жасауға болады. Біздің түсінігіміз бойынша оны ветеринария құзыретінен алып тастау керек. Тұрақты, керек көлемде ақша бөлетін болсақ, ауылдан да (оны жасайтын адам - ред) табылады. Мылтығы бар, жұмыс істейтін азаматтар көп. Бұны қосымша талқылап көрейік", - деген болатын сала басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974023-iesin-tapqansa-itti-zoimaidy-balalar-zyly-itke-talangan-zetkinsekter-maselesi-qalai-sesilmek/

pixel