Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысының әкімі бала өлімінен кейін орынбасары жұмыстан кете ме деген сұраққа жауап берді

Опубликовано:

Оңдасын Оразалин
Фото: Aktobe Press Service

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин болжам бойынша ит талаған баланың өлімінен кейін өз орынбасары Жақсығали Иманқұлов қызметінен кете ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Диапозон" басылымы.

"Әрине, қызметкерді жұмыстан босатуға болады. Бірақ бұл мәселені шеше ме? Баланы қайтара алмаймыз. Өңір әкімі болғандықтан, 900 мың тұрғынның тағдыры мен үшін маңызды. Зардап шеккен отбасыға барып, көңіл айттым.

Иә, шаралар қолданамыз. Жауапкершілік жүктелген адамдар жазаланатын шығар, бірақ ең өкініштісі, баланы қайтара алмаймыз. Ал Жақсығали Иманқұлов өз қызметінде қала ма, жоқ па, уақыт көрсетер. Бүгінде ол туындаған мәселені шешумен айналысып жатыр", - деді өңір әкімі.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының әкімі баланың өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Түрлі нұсқа бар, күдіктілер де болуы мүмкін. Тергеушілер баланың кіммен және қандай жағдайда болғанын, ол орынға қалай тап болғанын, көз жұмған соң иттер талады ма әлде оның өлімі тікелей иттердің шабуылына қатысты ма, соны анықтап жатыр", - деді Оңдасын Оразалин.

Еске сала кетейік, 9 маусым күні дене жарақаттары бар 12 жастағы баланың мәйіті Ақтөбедегі құрылыс орнынан табылған еді.

Алдын ала болжам бойынша, оған жануарлар шабуылдауы мүмкін. Өңір әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бала өліміне жауапкершілікті сезінетінін, сол себепті өз өкілеттігін тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974044-aqtobe-oblysynyn-akimi-bala-oliminen-keiin-orynbasary-zumystan-kete-me-degen-suraqqa-zauap-berdi/

pixel