Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтар аманатқа қиянат жасамауды үйретті": Якут қызы қазақ халқының ерекше қасиеттеріне тоқталды

Опубликовано:

Даяна
Фото: Instagram/dianaminorr

Алматылық университеттердің бірінде оқитын якут қызы Дайаана небәрі 4 жыл ішінде қазақ тілін меңгеріп шыққан. Шетелдік студент блогер Эркин Эверстовтың Youtube-арнасында қазақ халқының ерекше қасиеттеріне тоқталып, қазақ тілінде сөйлеуді аз уақытта үйреніп алуының себебін айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дайаана - Алматыда ЖОО студенті, 22 жаста. Биыл төртінші курсты аяқтап жатыр. Ол осы уақыт аралығында қазақ тілінің әуезді естілетініне тәнті болып, оны үйренуге құштарлығы ашылғанын айтады.

"Мамандығым - екі шет тілі. Бірақ ол маңызды емес, ең бастысы мен Қазақстанға өте ризамын. Өйткені қазақтар өте қонақжай, адамгершілігі мол халық. Бастапқыда маған қазақ тілі әуезді ән секілді естілетін. Мен оны мүлде түсінбесем де, оны сезіне білдім. Өйткені ол да түркі тіліне жатады. Якут тілін жақсы білетіндіктен және мамандығым тілге байланысты болғандықтан, мен екі тілден ұқсас сөздер мен мағынасы жақын сөздер бар екенін таба бастадым.

Тіпті сен ол сөзді бірінші рет естіп тұрсаң да оның якут тіліндегі баламасын таба аласың. Тілді үйрену маған сөздің мағынасын табатын ойын сияқты көрінді", - дейді Дайаана.

Бет әлпеті қазақ қызына ұқсайтындықтан, бойжеткенді көшеде көбінесе қазақ деп ойлап қалады екен.

"Менен бірінші курсқа түскеннен-ақ, "сен қазақсың ба?" деп сұрай бастады. Менің түріме қарап тек қазақша сөйлеуімді талап етіп, "өз ана тіліңді құрметте" деп ұрысатындары да табылды. "Қазақша сөйле", - дейтін. Мен оған қазақша: "Кешіріңіз, мен қазақ емеспін. Мен якутпін, бірақ қазақша түсінемін" деп жауап беруді үйрендім. Ал олар маған риза болып, "қайдан білесің, неше жыл болды, нағыз якутсің бе?", - деп бірден басқаша рай таныта бастайды", - дейді Дайаана.

Оның айтуынша, ана тілін білу және оны сақтап қалу өте маңызды.

"Мен тіпті банктерге, банкоматқа, терминалға бара қалсам, қазақ тілін таңдаймын. Өйткені көп адам таңдаған сайын қолдан жасалған интеллект оны танымал тіл деп қабылдап, ары қарай дамытады", - дейді ол.

Дайаана өз ана тілін де ұмытпағанын алға тартады.

"Якут тілінде де сөйлеуге тырысамын және шала якутша сөйлеу деген трендпен күресіп келемін", - дейді бойжеткен.

Дайаана осы төрт жыл ішінде қазақтың "аманат" сөзінің астарына үңіліп, оның мағынасына тәнті болыпты.

"Қазақтар мені аманатқа қиянат жасамауға үйретті. Аманат саған уақытша берілген, бүтін қалпын сақтап, кері қайтаруға тиісті нәрсе. Аманат ол - біздің тіл, біздің мәдениет, қазақ еліне келген әр қонақ - аманат. Бұл мағынасы өте керемет сөз. Осындай нәрсені түсінуіме себепкер болған қазақ халқына ризамын", - дейді студент.

Осы ретте Дайаана қазақ тілін қалай тез үйреніп алуының себебін түсіндіріп өтті.

"Мен қазақ тілін кітаппен үйренген жоқпын, мен фильм, сериалдар көріп, қазақша музыка тыңдадым. Әрқашан таксимен қазақша сөйлесіп, сатушылардан керегімді қазақ тілінде сұрап үйрендім. Осылай мен тілді меңгеріп алдым", - дейді бойжеткен.

Қазір бойжеткен ауызекі қазақ тілін жақсы түсінетінін, алайда театр мен Абайдың өлеңдерін терең түсіне алмайтынын алға тартады.

Дайаана өз алдына үлкен мақсат қойып отыр.

"Менің мақсатым - Қазақстаннан жақсы нәрсені алып, Якутияға таратамын", - сөзін түйіндеді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974145-qazaqtar-amanatqa-qiyanat-zasamaudy-uiretti-yakut-qyzy-qazaq-xalqynyn-erekse-qasietterine-toqtaldy/

pixel