Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл кісіге ішкі симпатиям бар": Асқар Жұмаділдаев Ұлттық құрылтайға не үшін мүше болуға келіскенін айтты

Жарияланған күні:

Асқар Жұмаділдаев
Асқар Жұмаділдаев Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге. Фото: Ақорданың ресми сайты

Белгілі математик, ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайға мүше болды. Ғалым Nege.kz порталына берген көлемді сұхбатында құрылтайға мүше болуға не үшін келіскенін, сондай-ақ президентпен кездесуінен алған әсері жайлы айтып берді.

Академик сұхбатта "Жаңа Қазақстанды" құруға негіз болатын үш ұғымды атай келе, Ұлттық құрылтайға мүше болу туралы ұсынысты қабылдауына не түрткі болғанын жеткізді.

"Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші, сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалқы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. Орындалмаса, мылжың ел болып қаламыз.  

Міне, осы үшеуін алып қарағанда, президент Тоқаевтың ісі дұрыс бағытта келе жатыр. Шынымды айтсам, бұл кісіге ішкі симпатиям бар. Сондықтан да бұл ұсынысты қабылдадым. Әрине, мұндай әңгімелер бұрын да болған. Ұлттық кеңес деген болды.

Жалпы, мен айтатынымды айтып жүрмін. Президент пікірімді қабыл алды. Өзім көп емес, ғылым-білім, қоғам, тіл жөнінде үш-төрт көлемді мақала жаздым. Соны оқыған екі-үш-ақ адам бар. Соның бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев. Мен оны анық көрдім", - дейді Асқар Жұмаділдаев.

Ғалым мемлекет басшысының шақыруымен жақында Ақордада болғанын айтады. Айтуынша, бұл кездесуден ерекше әсер алған.

"Өткенде бір кездесуге шақырған. Латын әліпбиі, ғылым-білім жөнінде әңгіме қозғалды. Сонда мен де шарт қойдым. Ақордаға бірінші рет тақта алып келді. Әріптерді, сөздерді тақтаға жазып-сызып көрсеттім. Ол кісі де алдын ала дайындалған екен. Президент те келісетін және келіспейтін жағын айтып, жазды. Шынымды айтайын, осы үрдіске тәнті болдым. Өйткені, талай басшыны көрдік қой. Көбінесе ұран, айқай сөз, диалогтан гөрі монолог көп болатын. Бұл кісінің ерекшелігі – сөзді тыңдай біледі және одан қорытынды жасай біледі екен. Соны байқадым.

Мен айтып жүрген екі-үш мәселе бар ғой. Соның ең маңыздысы, қазақ – технократты ел болу керек деген. Соны бірінші болып қолдаған – Тоқаев. Қолдап қана қоймай, бірден бұйрық шығарып, нақтылап қойды. Байқасам, бұл кісі менің пікірімді қайталап жүр. Бұл - мен айтпасам, ол көңіл бөлмейді деген сөз емес. Бірақ екеуміздің ойымыздың байланысы барын байқадым. Әйтпесе, мен бұл мәселе туралы "Қазақ ел болам десе, ең алдымен технократты мемлекет болу керек, қазақ жаңа фабрика, зауыт салу керек, мұның бәрі жаңа технологияға негізделуі керек, онда қазақ балалары жұмыс істеуі керек. Сонда ғана тасымыз өрге домалайды" деп баяғыдан айтып жүрмін", - дейді ол.

Айта кетейік, 14 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ұлттық құрылтайды құру туралы жарлыққа қол қойды. Ұлттық құрылтай құрамының тізімі мен құрылтайдың ережелері Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Ұлттық құрылтай - президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974316-bul-kisige-iski-simpatiyam-bar-asqar-zumadildaev-ulttyq-quryltaiga-ne-usin-muse-boluga-keliskenin-aitty/