Тоқаев: Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында қазақ тіліне қатысты туындап жатқан алаңдаушылыққа пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорда Telegram арнасында.

"Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр.

Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр.

Жақында әйгілі APPLE компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын NICKEL ODEОN телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен NATIONAL GEOGRAPHIC журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалықтар бар. Сондықтан, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет.

Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек", - деді Тоқаев.

Осы ретте мемлекет басшысы елімізде ешбір азаматтың ұлтына, тіліне қатысты құқы шектелмеуі керек деп атап өтті.

"Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр.

Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974427-toqaev-qazaq-memleketi-aman-turganda-qazaq-tili-zasai-beredi/

jitsu gif