Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бизнеске де, балаға да үлгеремін": Оныншы баласын өмірге әкелген 36 жастағы ақтаулық ана дүркіретіп той өткізді (фото)

Опубликовано:

"Бизнеске де, бала табуға да үлгеремін": Оныншы баласын өмірге әкелген 36 жастағы ақтаулық ана дүркіретіп той өткізді
Фото: Instagram / akimat_mangystau

36 жастағы ақтаулық ана Гаухар Ешмұханова қаңтар айында оныншы сәбиін дүниеге әкелді. 16 жасында тұрмысқа шыққан көпбалалы ананың тұңғышы 20 жасқа толса, кенжесі төрт айдан енді асты. Ешмұхановтар отбасы он баласының құрметіне Ақтауда дүркіретіп той жасады. Батыр ана KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Гаухар Ешмұханова — бизнесті де, отбасылық өмірді де қатар алып жүрген көпбалалы аналардың бірі. Ол 16 жасында тұрмысқа шығып, 20 жылдың ішінде он баланы өмірге әкелді. Гаухардың айтуынша, әйел адамды табиғат мықты қылып жаратқан.

"Балаларымның ішінде егіздер бар. Жолдасымыз екеуміз құдай берген бес ұл мен бес қызды тәрбиелеп отырмыз. Баламыздың алды жиырмаға толды. Осы өміріме шүкірлік етем, Алла он баламды босанарда да шексіз күш-қуат берді. Жақында он баламыздың құрметіне үлкен той жасадық. Ұл-қыздарымыз флешмоб билеп, көңілімізді көтерді. Одан бөлек, өзім жаңа әннің тұсауын кестім. Бәрі менен бала тәрбиесіне қалай үлгеретінімді сұрайды. Түн ұйқымды төрт бөлген кездердің де өтеуі бар. Он баламның амандығын көргенде, барлық қиыншылық ұмытылады", - дейді Гаухар.

Қазіргі таңда Гаухар жұбайымен бірге отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ олар қайырымдылық шараларына жиі атсалысады.

"Кенже баламды босанған соң үздік кәсіпкер әйелдердің қатарына еніп, марапат алдым. Қазір "Мерейлі отбасы" байқауына дайындалып жатырмыз. Баланы босанып, үйде отырып қалатындардың қатарынан емеспін. Бізге берілген мүмкіндік көп. Соларды пайдалануымыз қажет. Қайырымдылық шараларын да жиі өткізіп тұрамыз. Ата-анамызға қарайласуды да ұмытқан емеспіз. Әр бала өз несібесімен келеді. Тағы да қайталап айтамын, адам мықты болса, өз-өзіне сенсе, алынбайтын қамал жоқ. Кез келген қиындықтан шығып кетеді. Сол үшін өз өзіне сеніп, әрекет ету керек. Денің сау, қол-аяғың бүтін болса, небір қиын деген жағдайдан шығып кетуге болады", - дейді ол.

Гаухар Ешмұханова денсаулығы жақсы болса, тағы да сәбилі болудан бас тартпайтынын айтады.

"Енді дәл қазір балаларымның буыны қатайып, аяққа тұруына жауаптымын. Жолдасым екеуміз соларды өсіруге, жеткізуге міндеттіміз. Кәсібімді одан әрі үлкейту мақсаты да тұр алдымда. Егер Алла берсе, тағы да сәби сүюге қарсы емеспін. Егер ол мүмкін болмай жатса, осы бала-шағама да ризамын. Көз қуанышымыз болған он баламның амандығын тілеймін", - дейді батыр ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974536-bizneske-de-balaga-da-ulgeremin-onynsy-balasyn-omirge-akelgen-36-zastagy-aqtaulyq-ana-durkiretip-toi-otkizdi-foto/

pixel