"Іштей күдерімді үзген едім": Түркістандық полицейлер ішінде 1 млн теңге бар сөмкені тауып, иесіне қайтарды
Жарияланған күні:
Түркістан облысының полицейлері ішінде 1 млн теңге бар сөмкені тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Қызылорда тұрғыны жұмыстарымен Түркістан қаласына келіп, діттеген жеріне жеткен кезде ішінде қомақты ақша бар сөмкесін таксиде ұмытып кеткенін байқаған.
Келіншек бірден жергілікті полицияға көмек сұрап жүгінген.
Түркістан ҚПБ-ның полицейлері ақпарат алысымен сөмкені іздеуге кіріскен. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы бірнеше сағаттың ішінде тұрғынның сөмкесі қалып кеткен көлік табылған.
Осылайша, жоғалған сөмке ішіндегі ақшасымен заңды иесіне қайтарылған.
"Мен Түркістан қаласына жеке жұмыстарыммен барып, қала ішінде белгісіз таксиге отырдым, діттеген жеріме келген соң түсіп қалдым. Арада бірнеше минут өткенде көлік ішінде 1 миллион теңге бар кіші қол сөмкемді ұмытып кеткенімді байқадым. Бірден түскен жеріме қайта келгеніммен, ол көлікті таппай қалдым.
Білетінім, тек қана көліктің түсі және маркасы, ал оның мемлекеттік тіркеу нөмірі немесе байланыс телефондарынан мүлдем хабарсыз едім. Содан жүгіріп, жақын маңдағы полиция пунктіне хабарласып, көлікті табуға көмек берулерін сұрадым. Бірақ іштей күдерімді үзген едім, табылмайды-ау деп ойладым.
Алайда Түркістан облысының қырағы, кәсіби шебер полицейлерінің шұғыл әрекет етуінің арқасында 4 сағат ішінде көлік те, сөмкем де, ақшам да табылды. Өте қуаныштымын", - деген Қызылорда тұрғыны тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974610-turkistandyq-policeiler-isinde-1-mln-tenge-bar-somkeni-tauyp-iesine-qaitardy-video/