Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"45 жылдан кейін қайта қауышып отырмын": Қырғыз елінің тұңғыш президенті Асқар Ақаев Алматыда дәріс оқыды

Жарияланған күні:

Асқар Ақаев
Асқар Ақаев. Фото: kaznu.kz

Қырғыз республикасының тұңғыш президенті Асқар Ақаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқыды. Бұл туралы ЖОО-ның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Академик, профессор қазір М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Күрделі жүйелерді математикалық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Ақаев "Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы (компьютерлік болжау және математикалық модельдеу)" тақырыбында дәріс оқыған.

Дәріске еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҰҒА академиктері, ғалымдар, қаламгерлер, ҒЗИ басшылары, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысқан.

Асқар Ақаев білім ордасына 45 жылдан кейін келіп тұрғанын толқыныспен жеткізді.

"ҚазҰУ-мен 45 жылдан соң қайта қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рақмет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Биік табыстарға көптеген жоғары оқу орны өте ұзақ жолдан өтіп жетеді. Бұл жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі", – дейді профессор.

Дәріс барысында Асқар Ақаев әлем елдері тарихындағы демографиялық өзгерістер, оның себептері мен салдары туралы айтып берген. Ғалымның сөзінше, ХХ ғасырда жер шарындағы халық саны 4 есеге, ал әлемдік жалпы ішкі өнім 20 есеге өскен.

"Демографиялық ауысу елеулі ғылыми-техникалық прогреспен, мәдениет пен білімнің өрлеуімен, сондай-ақ халықтың көп бөлігінің ауылдан қалаға көшуімен қатар жүрді. ХХІ ғасырдың бірінші жартысында демографиялық динамика әлемдік дамудың басты қозғаушы күші болып қала беретініне күмәнім жоқ. ХХ ғасырдың басы көптеген ғылыми-инновациялық жобамен ерекшеленді. Атап айтқанда, атом энергетикасы, кванттық электроника және лазерлік технологиялар, электронды есептеу машиналары және өндірісті автоматтандыру, реактивті және зымыран қозғалтқыштары, ғаламдық спутниктік байланыс және теледидар т.б. Ал қазір цифрлық технологияның заманы", – дейді академик.

Сондай-ақ дәріс кезінде Асқар Ақаев адамзаттың болашағы, өркениеттің дамуы және оның кері әсері туралы айтып өтті.

Дәрістен кейін Жансейіт Түймебаев академикке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінің "Құрметті профессоры" атағын табыстады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974851-45-zyldan-keiin-qaita-qauysyp-otyrmyn-qyrgyz-elinin-tungys-prezidenti-asqar-aqaev-almatyda-daris-oqydy/