Азаматтық авиация комитеті Алматы-Анталья рейсінің кешіктірілуіне қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
18 және 19 маусымда Алматы-Анталья бағыты бойынша екі рейс кешіктірілді. Болған жайттың себебін Азаматтық авиация комитеті ресми Telegram каналында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, биыл 18 маусымда "Эйр Астана" әуе компаниясының Боинг-767 үлгісіндегі әуе кемесінде техникалық ақау анықталған. Бұл өз кезегінде осы әуе кемесінде жоспарланған рейстердің уақтылы орындалуына әсер еткен.
Осыған байланысты әуекомпания келесі рейстерде ұшақты ауыстыруға мәжбүр болған.
"Ағымдағы жылдың 18 және 19 маусымында Алматы-Анталья бағыты бойынша 2 рейс 24 сағат 56 минутқа және 3 сағат 23 минутқа кешіктірілді. "Эйр Астана" әуе компаниясының 2022 жылғы 18 маусымдағы Алматы-Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі кесте бойынша жергілікті уақыт бойынша сағат 09:40-та ұшуға жоспарланған болатын. Алайда рейс техникалық себеппен 19 маусым күні таңертең кешіктірілді. Рейс Анталияға ағымдағы жылғы 19 маусымда сағат 10:36-да ұшты", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ 19 маусымдағы Алматы-Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі кесте бойынша жергілікті уақыт бойынша сағат 09:40-та жоспарланған. Алайда, техникалық себеп бойынша сыйымдылығы аз әуе кемесі Боинг-767-ден Эйрбас-321-ге ауыстырылған.
Борт жергілікті уақыт бойынша 19 маусым сағат 13:03-те көкке көтерілген. Осы рейстен жолаушылардың бір бөлігі Нұр-Сұлтан арқылы Анталияға жөнелтілді, ал бір бөлігін 20 маусымдағы Алматы-Анталья КС 915 рейсімен жөнелту жоспарланып отыр.
"Бұдан басқа, "Эйр Астана" әуекомпаниясының Алматы-Анталья бағыты бойынша КС 915 рейсі ағымдағы жылғы 20 маусымдағы әуе кемесінің Сеул-Алматы рейсінен күту себебінен сағат 15:40-қа дейін кешіктіріледі. Кешіктіру 6 сағатты құрайды. Кешіктірілген рейстердің барлық жолаушысына Қазақстан әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабында көзделген қызметтер көрсетілді", - делінген хабарламада.
Комитет әуе компаниясы осы талаптарды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделетінін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974856-azamattyq-aviaciya-komiteti-almaty-antalya-reisinin-kesiktiriluine-qatysty-pikir-bildirdi/