Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қуаңшылықтан кейінгі тіршілік: Былтыр мал қырылған Маңғыстауда биыл жағдай қалай

Жарияланған күні:

Маңғыстау
Фото: Алмасбек Садырбаевтың жеке мұрағатынан

Былтыр Маңғыстау, Қызылорда облыстарында болған қуаңшылықтан өңірлерде мал қырылып, шаруалар шығынға батқаны есте. Ал биылғы жаз аталған өңірлердің тұрғындары үшін қалай басталды? Мәселенің басы-қасында жүрген ауылшаруашылығы маманы Алмасбек Садырбаев осы туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Өткен жылы қуаңшылық мәселесін жоғарыдағы атқамінерлерге жеткізіп, оны шешуге ат салысқан ауыл шаруашылығы маманы биыл маңғыстаулықтардан жақсы хабар алып жатқанын жеткізді.

Маңғыстау
Фото: Алмасбек Садырбаевтың жеке мұрағатынан

"Алланың бергенінен берері таусылмасын демекші, биыл Маңғыстау жұрты ауа райының малға қолайлы болып тұрғанына риза. Жер көгерді, шөбі бітік, жұттан аман қалған малдың күйі жақсы. Маған өздері хабарласып, "Міне, жеріміз қандай! Биыл жақсы, малымыз күйлі" деп фотоларын жіберіп жатыр.

Енді қысқы азықтың дайындығына көшу керек. Одан кейін Маңғыстауға бүгінге керегі - жем-шөп тасымалы бойынша ҚТЖ-мен келісу, одан кейін тартылған жем, кебек дайындау мәселесі, сондай уайым бар", - дейді Алмасбек Садырбаев.

Маңғыстау
Фото: Алмасбек Садырбаевтың жеке мұрағатынан

Маман алдағы аптада осы бағыт бойынша Маңғыстау облысына баруды жоспарлап отыр. Айтуынша, былтырғы құрғақшылық елге үлкен сабақ болған.

"Өткен жылдан қандай сабақ алдық? Бірінші алған сабағымыз - малды агросақтандыру қажет. "Шопан ата" қауымдастығы сол тарапта жұмыс істеп жатырмыз. Біз сабақ алғанымызбен, министрлік сабақ алған жоқ. Жем-шөп қымбат, өйткені елде өндіріс жоқ. Бидай шетке сатылып жатыр. Бізде 240 диірмен болса, қазір 90 диірмен қалған шығар. Оның 30-ы ғана жұмыс жасап тұр. Қалғанының барлығы тоқтады. Яғни жеммен қамтамасыз ету - Маңғыстау ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша проблема болады деген сөз. Жем бағасы одан әрі шарықтайды. Себебі бидайды өзімізде өңдеуді әлі қолға алған жоқпыз", - деп алаңдаушылық білдірді маман.

Оның сөзінше, бүгінде Маңғыстауда ет қымбат. Әсіресе өңірде қой етінің бағасы шарықтап кеткен.

"Өйткені жергілікті тұрғындар ұстап отырған малдың қырылғаны қырылып, сойылатыны сойылып болды. Әсіресе, қойдың бағасы қымбат болып тұр. Бір жағынан, оған себеп - Париждегі Халықаралық эпизоотикалық бюроның белгілеуі бойынша біздің ел екіге бөлінген. Біреуі вакциналауға жататын аймақ (Алматы облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы), екіншісі вакциналауға жатпайтын аймақ болып бекітілген. Соған байланысты оңтүстік облыстардан батыс аймақтарға қой етін ресми тасымалдауға болмайды. Сондай шектеу бар. Ол дегеніміз тағы да Маңғыстауда еттің қымбаттауына әсер етеді деген сөз", - дейді ол.

Сарапшы қазір Маңғыстауға Ресейдің арзан еті кіріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, шеттен келген еттің таза-таза емес екенін ешкім білмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1974978-quansylyqtan-keiingi-tirsilik-byltyr-mal-qyrylgan-mangystauda-biyl-zagdai-qalai/