Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда 30 жастағы келіншек босанған соң көп ұзамай көз жұмды

Опубликовано:

аурухана1
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда 30 жастағы келіншек босанғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болды. Туыстары қыздарының өліміне перинаталдық орталық мамандарының салғырттығы себеп болды деп отыр. Оқиғаның мән-жайын КТК телеарнасы хабарлады.

Марқұмның отбасы мүшелерінің сөзінше, Александра бір апта бұрын босану үшін клиникаға барған.

Екі күннен кейін 30 жастағы келіншек кесарь тілігі арқылы босанған. Сол күні кешке ол туыстарына босанғанын хабарлап, өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтқан.

Туыстарының сөзінше, содан бастап Александра үйіне хабарласпаған. Келесі күні таңертең ауруханаға барғанда жақындары дәрігерлер тарапынан күдікті әрекеттерді байқағандарын алға тартады.

"Олар бізге ештеңе айтпады, ешқандай ақпарат бермеді. Шамамен сағат екі жарымда одан қан кетіп жатқанын айтып, тағы да қайта ота жасауға алып кетті. Ота күндізгі сағат үштен кешкі тоғызға дейін жалғасты. Ол жерде барлық дәрігер жүрді, хирургтардың бәрі келді. Оның тамыры жыртылған, содан ішіне қан кеткен. Көкбауырын алып тастаған. Көкбауырдағы тамыр зақымданғанын айтты", - дейді журналистерге марқұм әйелдің әпкесі.

Келесі күні дәрігер туыстарына Александраның бүйрегі мен бауыры істен шыққанын, оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отырғандарын жеткізген. Әйел жансақтау бөлімінде арнайы құрылғыларға қосулы жатқан.

"24-і күні дәрігерлер анамызға кіруге рұқсат берді. Ол аппаратқа қосулы болған, бірақ көзі мен ерніне дәке таңылған екен. Анам ода бетперде жоқ екеніне мән бермеген. Әдетте жасанды тыныс алу құрылғысына қосулы болғанда аузында түтік және маска болуы керек екен, ал ода болмаған. Келесі күні, 25 маусымда сағат 9:10 шамасында олар анама қоңырау шалып, суыт хабарды жеткізді. Біз келгенде оның қайтыс болғанын айтты", - дейді Александраның әпкесі.

Туыстары полицияға шағымданып, марқұмның денесін тәуелсіз сот-медициналық сараптамасына жіберген. Жақындарының пікірінше, дәрігерлер салғырттық танытқан. Олар себебі, Александра босанғанға дейін денсаулығына шағымданбағанын, нәресте де патологиясыз дүниеге келгенін айтады.

Клиника да науқастың ауруханаға жатқызылғанға дейін барлық тексерістен өткенін және барлық талдаудың нәтижесі нормаға сай болғанын растап отыр.

"22 маусымда жүкті әйелдің жатырында екі бірдей тыртық болуына байланысты оған жоспарлы түрде кесарь тілігі жасалды. Техникалық жағынан ота қалыпты өтті. Әйелдің босанғаннан кейінгі және отадан кейінгі жағдайы асқынды. Орталықтың медицина қызметкерлері шұғыл шаралар қабылдады. Өкінішке қарай, қолданылған шараларға қарамастан, өлім жағдайы тіркеліп отыр. Өлімнің себебі патологанатомиялық сараптама қорытындысынан соң белгілі болады", - дейді "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Әлия Айымбетова.

Телеарнаның мәліметінше, қазір бұл факті бойынша Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тәуелсіз сарапшылардан тұратын арнайы комиссия құрылып жатыр. Олар тексеріс жүргізіп, түпкілікті шешім қабылдайтын болады.

Ал полиция босанған әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын басталғанын атап өтті.

"Медеу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді. Адам өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975074-almatyda-30-zastagy-kelinsek-bosangan-son-kop-uzamai-koz-zumdy/

pixel