Алматы облысында тұрғындар өз күшімен екі көшеге асфальт төсеп тастады (фото, видео)
Жарияланған күні:
Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Абай ауылында екі көшенің тұрғындары бірігіп, өз күшімен асфальт төседі. Бұл туралы ауыл тұрғыны әрі журналист Гүлвира Биғалиева мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Гүлвира Биғалиеваның Абай ауылында тұрғанына 15 жылдың жүзі болды. Осы аралықта ауылдағы екі ұзын көшеге асфальт төселген емес. Журналистің айтуынша, көктем мен күз мезгілінде батпаққа айналатын жолдың жазда топырағы көтеріліп жатады. Ақыры тұрғындар бірігіп, өз күшімен асфальт төсеп алды.
"Екі ұзын көшеге асфальт төседік. 30 шақты отбасы бірікті. Арамыздағы үлкеніміз Айдос аға бас-көз болып, екі көшені асфальттап алдық. Алматының іргесінде тұрсақ та, әкімдікке жолды жөндеу туралы өтініш айтқанымызға 15 жыл болыпты.
Ақыры көршілер 50 мың теңгеден ақша жинап, асфальт төсеуді қолға алды. Жігіттер жағы түнімен ұйықтамай, асфальт құйды. Осылайша, жолды өзіміз жарқыратып қойдық. Кеше асфальтталған көшенің қақ ортасына қой сойып, дастархан жайдық. Енді көшені жарықтандыру жұмысы күтіп тұр. Мұны да өзіміз істемекпіз. Белсенді, идеясы мол тұрғындардың арқасында ауылымыз көркейіп жатыр", - дейді Гүлвира Биғалиева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975183-akimder-15-zyl-boiy-qulaq-asqan-zoq-almaty-oblysynda-turgyndar-oz-kusimen-eki-kosege-asfalt-tosep-tastady-foto-video/