Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тобына түспей қалған балалардың ата-аналары қосымша сынып ашуды сұрады

Опубликовано:

Ата-аналар
Видеодан кадр: Youtube/Көкейтесті

Назарбаев зияткерлік мектептеріне 7 сыныпқа түсу үшін емтихан тапсырған балалардың ата-аналары қазақ топтарына бөлінген грант санымен келіспейтіндерін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Осы мәселе бойынша елордалық бір топ ата-ана Оқу-ағарту министрлігіне барған. Ата-аналардың шағымын министрлікке қарасты Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев және НЗМ өкілдері тыңдады.

Кездесу Youtube желісіндегі Көкейтесті арнасында жария болды.

"Балам осында емтихан тапсырып, 1200 ден астам балл алды. Тізім бойынша 90-шы болып тұр. Бұл мектепке түсуге бір ғана мүмкіндік беріледі. Келесі жылы балам бұлай емтихан тапсыра алмайды. Өзімнің бес балам бар. Соның ішінде қызым үздік оқиды. Үмітім осы қызымда болды. Өйткені қабілеті бар. Ұстаздарынан жоғары деңгейде марапаттар алған, халықаралық олимпиадаларға, Болгарияға дейін барып келген. Сондықтан, мүмкіндігін біле тұра тапсырдық.

Басты мәселе мынада, жылда қазақ тобына 96 бала қабылданатын. Емтихан тапсырар алдында қанша адам қабылдайтынын сұрадық. Сол жерде отырған қабылдау комиссиясы бізге 96 бала қабылданатынын айтты. Бірақ ресми түрде еш жерде грант саны айтылмады. Осында балалары республика деңгейінде жоғары балл алған ата-аналар жиналып отыр. Салыстырмалы түрде алсаңыздар, біздің балалар орыс тобына тапсырған балалардың балдарынан жоғары балл жинаған. Оның үстіне қазақ тобына 1000-ға жуық үміткер болса, орыс тобына 700-ге жуық бала тапсырған.

Қазақ тобына 30 пайыз көбірек бала тапсырды. Бірақ грант санын 75/75 етіп қойды. Әділетсіздік болды. Біздің талабымыз біреу-ақ. Қосымша бір сынып ашылсын", - дейді министрлік өкілімен кездесуге келген ата-аналардың бірі.

Кездесуде сөз алған тағы бір ата-ана мәселенің үш негізгі себебін атап көрсетті. Оның сөзінше, мемлекеттік тілде бала оқытуда бәсекелестік жоғары.

"Біз Ата заңымызда жазылған мемлекеттік тілдің тұғырын түсірмеуіміз керек. Бұл - басынан жасалған қателік. Осы жерде үш проблема көрініп тұр. Біріншіден, грант саны басынан жариялануы керек еді, екіншіден, қабылдау комиссиясы бала санын ескеріп барып, грант бөлуі керек еді, үшіншіден, басынан бастап мемлекеттік тілдегі грантты көбірек бөлу керек еді. Сіздер қазір ата-аналарға балаларын орыс тілінде оқытуға мотивация беріп отырсыздар. Өйткені ол жерде бәсеке төмен. Қазір балы 30 пайызға төмен балалар осындай мықты мектепке түсіп кетіп отыр орыс тобында. Олар ұтып отыр", - дейді ата-ана.

Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев ата-аналардың шағымын тыңдай келе, оларға квота мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді.

"Өркен" грантын бөлу мақсатында байқаудың барлығын осы білім беру ұйымы өткізеді. НЗМ-де қамқоршылық кеңес бар. Олар осы мәселені қарастырып шешім шығарып, тізімді бекітеді. Бұл тізім Қаржы министрлігінде бекітіліп, тізім жарияланады. Сіздердің талаптарыңызды жазып алдым. Квотаны көбейту мәселесі бойынша мектептің қамқоршылық кеңесі шешім қабылдайды. Бізге қанша баланың тізімін береді, сонша балаға Қаржы министрлігінен қаражат сұраймыз. Сондықтан қысқарту, көбейту деген мәселе қамқоршылық кеңесінің құзыретінде. Ол мектептің сыйымдылығымен байланысты, екіншіден, 12-сынып бітіретін оқушы санына да қатысты. Олардан босаған орындарға балалар қабылдайды", - дейді Жомарт Қарамбаев.

НЗМ өкілі әр мектеп бойынша қабылданатын бала саны бұйрықпен бекітілетінін мәлімдеді. Спикер грант санын алдын ала неге жариялай алмайтынын түсіндірді.

"Өйткені бізде биыл 2524 грант бөлу жоспарланды, бірақ біз 2728 грант бердік. Оқу жылы аяқталған соң кететін оқушылар болады, үштік баға алып шығып кетеді, денсаулық жағдайына байланысты, басқа жаққа көшіп кетуіне байланысты себептер бар. Сондай бос қалған гранттың барлығын - 8,9,10,11 сыныптың грантын жинап, 7 сыныпқа береміз. Сондықтан, егер грант санын алдын ала айтса, ол нақты ақпарат болмайды. Биыл грант 200-ге көп. Нақтырақ айтсақ, астанадағы IB мектебіне 150 грант бөлінді. Биыл 3 қазақ, 3 орыс сыныбы бітірді", - дейді НЗМ өкілі.

Артынша министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті бас сарапшысы Ерлан Маяемиров НЗМ мен министрлік арасындағы құқықтық қатынастар туралы ресми пікір білдірді.

"Біз көпшіліктің жағдайды түсінбейтінін және НЗМ мектептері министрлікке бағынысты деп санайтынын көріп отырмыз. Осы орайда "НЗМ" дербес білім беру ұйымының толық дербестігін қамтамасыз ететін арнайы заң бар екенін еске салғымыз келеді. Яғни, НЗМ мектептері Оқу-ағарту министрлігіне бағынбайды. Сәйкесінше, тілдер бөлінісінде квота бөлу, сыныптарды жабдықтау, жаңа мектептер ашу мәселелерін министрлік емес, Қамқоршылық кеңесі шешеді. Түсіндіретін бір ғана мәселе бар. Дәлірек айтқанда, министр гранттарды тағайындау жөніндегі комиссияның төрағасы екені тарихи түрде қалыптасқан, алайда оның сыныптарға қабылдау, сыныптарды жинақтау және оны ашу саясатын анықтауға құқығы жоқ. Сондықтан төраға қызметі қайта қаралады. Негізгі шешімдерді қабылдайтын адамдар конкурс комиссиясына төрағалық етуі керек", - дейді Ерлан Маяемиров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975256-nazarbaev-ziyatkerlik-mektebinin-qazaq-tobyna-tuspei-qalgan-balalardyn-ata-analary-qosymsa-synyp-asudy-surady/

pixel