Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Торғай облысы құрылуы мүмкін бе: Облыс әкімі жауап берді

Жарияланған күні:

Архимед Мұхамбетов
Архимед Мұхамбетов. Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай облысын қайта құруға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Торғай облысын құру мәселесін көтерді.

Өңір басшысының сөзінше, жаңа облысты құру туралы шешімді жергілікті органдар емес, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды.

Ал жаңа облысты құрғанда аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына қарайды, дейді Архимед Мұхамбетов.

"Біз Арқалықты дамыту бойынша кешенді жоспарды даярлаймыз. Ақша үш жерден бөлінеді. Үкіметке кешенді жоспарды таныстырамыз. Оны 2028 жылға дейін іске асырамыз. Ал тұрғындар облысты бөлуге қатысты өз пікірін айтуы мүмкін, жалпы, біз қолдаймыз. Алайда соңғы шешімді жергілікті органдар қабылдамайды", - дейді өңір басшысы.

Осы орайда Архимед Мұхамбетов Торғай облысын жаңғыртудың негізгі шартын атады. Айтуынша, ол үшін халық саны өсуі керек. Мысалы, бұрын Арқалықта халық көп тұрған. Қазір күрт азайып кеткен.

"Осы мәселе жаңа облысты құруға кедергі болып тұр. Сондықтан бізге баспана көбірек салып, жұмыс орындарын ашу қажет. Тұрақтылық болуы қажет. Сонда адамдар кетпейді. Бізге адам капиталы керек. Сол уақытта жаңағы мәселені (Торғай облысын құруды - ред. ) де көтеруге болады", - дейді Қостанай облысының әкімі.

Айта кетейік, Торғай облысы алғаш рет 1970 жылы құрылып, орталығы Арқалық қаласында болған еді. 1988 жылы 2 маусымда облыс таратылды. Ал 1990 жылы 17 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысымен облыс қайта құрылды.

Бірақ жеті жылдан кейін 1997 жылы 22 сәуірде Қазақстанның тұңғыш президентінің жарлығымен жойылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1975275-torgai-oblysy-quryluy-mumkin-be-oblys-akimi-zauap-berdi/